Қазақстан Елшісі Лиссабонда Португалия Президентіне сенім грамотасын тапсырды
БРЮССЕЛЬ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Қазақстан Республикасының Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұрат Тәшібаев бүгін Лиссабонда Португалия Президенті Анибал Кабаку Силваға сенім грамотасын тапсырды және ҚР-ның Португалиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқаратын болып тіркелді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстанның Париждегі елшілігіне сілтеме жасап. Сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейін португалдық мемлекет басшысымен болған әңгімеде екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.М.Тәшібаев Президентті Қазақстанда жүргізіліп жатқан ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысымен, Үкіметтің жаһандық қаржылық және экономикалық дағдарыс салдарын еңсеру жөніндегі жүйелі шараларымен, сондай-ақ еліміздің 2010 жылғы ЕҚЫҰ төрағалығына әзірлігімен таныстырды. Португал мемлекетінің басшысы Қазақстанның экономикалық және саяси жетістіктеріне мұқият назар аударып отырғанын жеткізді және Орталық Азиядағы сенімді әріптес ретінде Португалия Қазақстанмен екіжақты қатынастардың деңгейін көтеруге ұмтылып отырғанын айтты. ҚР Елшісі Португалия Президентіне Елбасының Қазақстан халқына «Дағдарыстан ? дамуға» атты Жолдауының, «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасынынң мәтіндерін тапсырды. Анибал Кабаку Силва Португалия Республикасына қазақстандық алғашқы елшіні тағайындағаны үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа ризашылығын білдірді және Мемлекетіміздің басшысына Қазақстан халқының гүлдену жолындағы қажырлы еңбегіне табыс тіледі. Ол қазақстандық Елшіге өз миссиясын орындауда барынша қолдау көрсетуге әзірлігін қуаттады.