16:26, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстан Елшісі Литва Президентіне Сенім грамотасын тапсырды
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат - Кеше Вильнюс қаласында Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ғалымжан Қойшыбаев Литва Республикасының Президенті Валдас Адамкусқа Сенім грамотасын тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Президент сарайында өткен салтанатты рәсімде Қазақстанның Елшісі Қазақстан мен Литва арасындағы саяси, экономикалық және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың ілгері дамуын, сонымен қатар халықтарымыздың арасындағы дәстүрлі достас қарым-катынастарының нығайып жатқандығын атап өтті. Алдағы жылдарда сындарлы саяси диалог біздің елдер арасындағы ЕҚЫҰ «Үштік» төрағалары шеңберіндегі бірлесіп атқарылатын жұмыста өз жемісін бермек.Литва Президенті Сенім грамотасын қабылдай отырып, «Қазақстан Литва үшін Орталық Азия өңіріндегі маңызды әріптес» екендігін айтып өтті. Екіжақты тауар айналымының едәуір өскендігіне, экономикалық, көлік және транзиттік әлеуеттердің пайдаланылуына зор мән берілгендігіне назар аударды.Литва Президентінің пікірі бойынша, өткен жылы қабылданған «Еуропаға жол» Мемлекеттік бағдарламасы және ЕҚЫҰ шеңберіндегі қарым-қатынас елдер арасындағы жемісті ынтымақтастықты одан әрі кең және белсенді әрекеттес етуге ынталандырады. Сонымен қатар, В.Адамкус Қазақстанның Еуропалық Одақпен жақындасуына Литва ықпал ететіндігіне сенім білдірді.Салтанатты рәсімнен кейін болған сұхбатта Қазақстан дипломаты Литва Президентін Қазақстанның экономикалық және саяси жағдайы, сыртқы саясатының маңызды бағыттары мен еліміздің бастамалары туралы хабардар етті.Литва Президенті В.Адамкус Қазақстанның гүлденуі мен қазақ халқының игілігіне бағышталған мемлекеттік істерде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа шын жүректен табыс тілейтіндігін жеткізуді сұрады.