Қазақстан Елшісі ОАР Президентіне сенім грамотасын табыс етті
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Елшісі Асқар Мусинов сәуірдің 14-інде Преториядағы президенттік сарайда Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Кгалеме Петрус Мотлантеге сенім грамотасын табыс етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Грамотаны табыс ету рәсімінен кейін болған әңгіме барысында Президент К.П. Мотланте, Қазақстан Республикасымен достық байланыстарды нығайтуға Оңтүстік Африка Республикасының үлкен мән беретінін атап көрсетті. Оның айтуынша, республика басшылығы Қазақстанмен арадағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа көбірек қарқын беруге мүдделі. Оңтүстік Африка Республикасының Президентіне Қазақстанның Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сәлемін жеткізген А.Мусинов, Африка Ұлттық Конгресінің президенті Джейкоб Зуманың өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанға жасаған жұмыс бабындағы сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетті. Оңтүстік Африка Республикасындағы елшісі қызметін қоса атқарғалы отырған қазақстандық дипломат сапар аясында бірқатар министрліктер мен ведомстволарда екіжақты кездесулер өткізді, елдің іскер топ өкілдерімен де кездесті.