08:16, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстан Елшісі сауда-саттық пен инвестициялар саласындағы қазақстан-пәкістан ынтымақтастығының келешегін талқылады
ИСЛАМАБАД. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат – Сейсенбі күні Исламабадта Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшісі Бақытбек Шабарбаевтың Бәсекеге қабілеттікті арттыру қорының басшысы Артур Байханмен кездесуі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аталмыш қорды Пәкістанның Қаржы министрлігі мен АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі ЮСАИД агенттігі сыртқы сауда-саттықты және шетелдік инвестициялар ағынын арттыру мақсатында құрып отыр. Кездесу барысында Орталық және Оңтүстік Азияның арасындағы сауда байланыстарының үлкен әлеуеті атап көрсетілді. Қазақстан Елшісі, бұл байланыстарды дамыту тек Қазақстан мен Пәкістанның ғана емес, аймақтың барлық мемлекеттерінің мүдделеріне сай екенін атап көрсетті. Аймақаралық ынтымақтастықты дамытуға қолдау білдірген дипломат, Қазақстанның әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысты сенімді еңсеріп келе жатқанын айтты. А.Байхан өз сөзінде, орталықазиялық елдермен, оның ішінде Қазақстан Республикасымен де сауда қарым-қатынастарын арттыру мүмкіндігі туралы мәлім етті. Құрылған Қор қазақстандық рынокқа да экспорттала алатын теңіз өнімдері мен жеміс-көкөніс өнімдерінің өндірістеріне қолдау көрсетеді.