Қазақстан Елшісі Таиланд Корольдігіндегі мұрагер ханзадаға сенім грамоталарын тапсырды
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Есенбаев корольдіктің мұрагер ханзадасы Маха Ватчиралонгкорнға сенім грамоталарын тапсырды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Өткен рәсім барысында М.Есенбаев ханзадаға Қазақстанның қазіргі кезеңдегі дамуы және «Қазақстан-2050» стратегиясы шеңберіндегі елдің болашағы туралы хабардар етті.
Мұрагер ханзада қазақстандық дипломатты тағайындалуымен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың серпінді дамуына және халықтар арасындағы достық қарым-қатынастың нығаятынына сенім білдірді.
Таиланд тағының мұрагері сонымен қатар Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 22 жылдығымен құттықтап өтті.