Қазақстанның энергетика саласында толағай табыстарға жететініне сенемін – Владимир Путин
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның энергетика саласын дамытуға әлеуеті зор. Бұл жөнінде Ресей Президенті Владимир Путин Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында халықаралық агенттіктердің өкілдерімен кездесуде мәлімдеді.
– Қазақстан ресурстарға өте бай ел екенін атап өткім келеді. Бұл жерде атом электр станцияларының отыны жөнінде айтып отырмын. Бұл бағытта Қазақстанмен серіктестігіміз табысты, жоғары деңгейде, – деді ол ҚР Президенті телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаеваның сұрағына жауап бере отырып.
Ресей Президентінің айтуынша, атом энергетикасын дамыту арқылы Қазақстан энергия алу көздерін әртараптандырады.
– Өзінің ресурстық базасына сүйеніп әрі бірлескен әлеуетті өркендетіп, Қазақстан энергетика саласында толағай табыстарға жететініне, көптеген мәселені шешетініне және энергия алу көздерін әртараптандыратынына сенемін. Меніңше, алдағы уақытта Қазақстан қажетті электр энергиясының 20%-ын атом электр станциясынан алады, – деді Владимир Путин.
Сонымен бірге, ол АЭС салу жаңа энергия блоктарын қамтамасыз етіп қана қоймай, толыққанды жаңа саланы құратынын жеткізді.
– Ең бастысы, жаңа сектор құрылады. Ол кадр даярлау, ғылыми зерттеулер және өндірісті қамтиды. Мұның бәрі бірлескен жобалар. Бұл бағыт біз үшін де, Қазақстан үшін де өте маңызды, – деді Ресей Президенті.
Сондай-ақ, ол мемлекеттер ғарыш, машина құрастыру және уран өндірісі салаларындағы ынтымақтастықты да жалғастыратынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің ортақ мақсатын атағанын жазғанбыз.