Қазақстан ерте ескерту және табиғи апаттарға дайындық мәселесін халықаралық форумда көтерді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Душанбеде өтіп жатқан «Су және климаттық тәуекелдер: ғылым, мониторинг және басқару» халықаралық форумында қазақстандық делегацияны басқарып барды.
Төтенше жағдайлар ведомстволарының басшылары, халықаралық ұйымдар өкілдері мен ғылыми қауымдастық мүшелері осы алаңда климаттық қауіпсіздік пен дүлей зілзалалар қауіп-қатерлерін азайту мәселелерін талқылау үшін бас қосты.
Форумға 10 халықаралық ұйымның өкілдері мен 7 елдің делегациялары қатысып жатыр. Олардың қатарында Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан төтенше ведомстволарының басшылары бар.
Қазақстанның ТЖМ делегациясы ерте ескерту жүйелерін дамыту, табиғи қауіп-қатерлерге мониторинг жүргізу және төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру мәселелерін талқылауға қатысып жатыр. Қатысушылар халықты қорғау, таулы аумақтардың қауіпсіздігі және өңірлік ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып отыр.
Форум «2018–2028 жылдарға арналған Су тұрақты даму үшін» іс-қимылдарың халықаралық онжылдығының жоғары деңгейдегі төртінші халықаралық конференциясы аясында өтіп, Сарез көлінің 115 жылдығына арналды. Қатысушылар климаттық сын-қатерлерге ден қоюдың заманауи тәсілдерін, мониторингтің жаңа технологияларын енгізу және төтенше жағдайлардың алдын алу саласындағы халықаралық тәжірибе алмасу мәселелерін қарастырып жатыр.
Форум қорытындысы табиғи қауіп-қатерлердің алдын алу және климаттық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға негіз болады.
Осыған дейін Вахш ГЭС-індегі ықтимал апат бірнеше елге қауіп төндіру мүмкіндігіне байланысты Орталық Азия елдері келіссөз жүргізгені туралы жаздық.