Қазақстан Еуропалық одақпен визалық тәртіпті жеңілдету жөнінде келіссөздер үдересін жүргізудегі тәжірибелерімен алмасты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің төрағалығымен ТМД қатысушы-мемлекеттерінің сыртқы істер министрліктері консулдық қызмет басшыларының Консультативтік кеңесінің ХХІ отырысы өтті. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
3-4 маусымда өткен бұл отырысқа Армения, Беларусь, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының, Тәжікстан Республикасының, Украинаның және ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты. «Аталған шара барысында, Тараптар Еуропа одағымен визалық тәртіпті жеңілдету жөнінде келіссөздер үдересін жүргізудегі тәжірибелерімен, сондай-ақ ТМД аумағындағы еңбек мигранттардың жағдайлары, заңсыз еңбек көші-қон мәселелері және Тараптар азаматтарының өзара сапарлары бойынша ақпараттармен өзара алмасты.
Сонымен қатар, Тараптар табиғи апат пен төтенше жағдайларда азаматтарды эвакуациялау саласында ынтымақтасу және Тараптар аумағында ТМД елдері азаматтарының ұсталуы, қамалуы және босатылуы жөніндегі хабарламаларды уақытылы жолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ ТМД шеңберіндегі көпжақты конвенциялар ережелерінің орындалу мәселелері талқыланды», - деп жазылған хабарламада.
ХХІ отырыстардың нәтижесі бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды айқындайтын Хаттамаға қол қойылды.