Қазақстан-Франция қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықты күшейтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан мен Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл шарт өзара құқықтық көмектің негізі мен тәртібін, оларды жүзеге асыру жолдарын, жауап алу, күзетпен ұсталып отырған адамдарды уақытша алдырту және басқа да мәселелерді реттейді. Нақтырақ айтқанда, сұрау салу, заттарды тәркілеу, тінту, сараптама жүргізу, банктегі шоттарды анықтау, куәгер мен сарапшыдан жауап алу, ақпарат алмасу сияқты тергеу амалдарын қамтиды. Мысалы, Францияда тінту жүргізу қажет болғанда, біздің құқық қорғау органдары сұрау жолдайды. Францияның тергеу органы өзінің ұлттық заңнамасының негізінде тінту жүргізіп, соның нәтижесін бізге хабарлайды. Дәл осындай тәртіпте Франциядан келіп түскен өтінімді еліміздегі тергеу органдары орындайды», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл заң екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттыратынын айтты.
«Мақұлданған заң Қазақстан мен Франция арасында қылмыстық істер бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес Шартта екі елдің уәкілетті органдары арасында құқықтық көмек көрсету тәртібі айқындалған. Өзге елдермен осы сипаттағы шарттарды жасасу қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыра түседі деп сенеміз», – деді М. Әшімбаев.