Қазақстан Германиямен білім беру тәжірибесін кеңейтуге, ғылыми және технологиялық зерттеулерді бірлесіп жүргізуге мүдделі - Н.Назарбаев
БЕРЛИН. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан Германиямен білім беру тәжірибесін кеңейтуге, ғылыми және технологиялық зерттеулерді бірлесіп жүргізуге мүдделі. Бұл туралы бүгін Берлин Еуразиялық клубының ашылуында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Қазіргі заманғы Қазақстан инновация мен білімге негізделген экономикаға басымдық береді. Ол үшін жақсы негіз де бар, Қазақстан халқының сауаттылық деңгейі 99,5 пайызды құрайды», деп атап өткен Мемлекет басшысы елімізде жүзеге асырылып жатқан білім саласындағы реформаларға, ғылым мен инновациялық қызмет инфрақұрылымын дамытуға зор көңіл бөлініп отырғандығына тоқталды.
Елбасының атап өтуінше, 2014 жылға қарай Қазақстан ғылымға салынатын бюджеттік инвестиция көлемін жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін ұлғайтатын болады. Бұл көрсеткіш одан кейін де арта береді. Ал жоғары білім саласындағы жетекші жобалардың бірі елордада жаңа халықаралық университеттің ашылуы болды. Аталған жоғары оқу орнының моделі әлемнің үздік университеттерінің жұмыс тәжірибесіне негізделген. Сонымен қатар елде 20 интеллектуалды мектеп құрылды.
Қазақстанның барлық білім беру мекемелерінде ІТ технологияны енгізу мемлекеттік саясат дәрежесіне жеткізілгенін баса айтқан Н.Назарбаев: «Біз Германиямен білім беру тәжірибесін кеңейтуге, ғылыми зерттеу және технологиялық зерттеулерді бірлесіп жүргізуге мүдделіміз», - деді.