Қазақстан Халық партиясы Қызылорда филиалы жаңа Конституция жобасын қолдайды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Бүгін Қазақстан Халық партиясының Қызылорда облыстық филиалында партия активінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын жан-жақты түсіндіруге арналған кездесу өтті.

Қазақстан Халық партиясы Қызылорда филиалы жаңа Конституция жобасын қолдайды
Фото: Kazinform

Кездесуде филиал төрағасының орынбасары Арайлым Байжігітова негізгі заң жобасына енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар ел дамуына, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға ықпал ететінін жеткізді. 

- Бұл құжат мемлекеттің стратегиялық даму бағытын, саяси жүйенің сипатын және қоғамдық дамудың басымдықтарын айқындайтын маңызды негіз болмақ. Қазақстан Халық партиясы Конституциялық комиссия ұсынған жаңа Конституция жобасын толық қолдайды. Біз бұл құжатты Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси реформалар бағдарламасын іске асырудағы және «Әділетті Қазақстанды» құру жолындағы заңды әрі күтілген кезең ретінде бағалаймыз, - деді ол. 

Жиында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Талғат Телеубаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құқықтану білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, заңтану магистрі Жадыра Шүкенова, «Болашақ» университеті құқықтану және қоғамдық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Айгүл Әбдікерова жаңа Конституция жобасы халық талқысынан туғанын атап өтті. 

Басқосуда партияның конституциялық реформаларға қатысты ұстанымдары, саяси жаңғыру жолындағы бастамалары мен алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды. Кездесу барысында партия активі ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, өзекті мәселелер бойынша сұрақтарға жауап берді.

Бүгін сондай-ақ Қазақстан Халық партиясының БҚО филиалы Конституцияның жаңа жобасын түсіндіру мақсатында партия активімен кездесу өткізді.

Соңғы жаңалықтар