Қазақстан халқының саны бойынша жаңартылған деректер жарияланды
АСТАНА.KAZINFORM — 2026 жылғы 2 ақпанда Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының санына қатысты жаңартылған статистикалық мәліметтерді ұсынды.
Ресми деректерге сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының жалпы саны 20 495 975 адам болды.
Оның ішінде, әйелдер — 10 477 240 адам, ерлер — 10 018 735 адам.
Бюро мәліметінше, елдегі қалалық халық саны 13 029 803 адамға жетсе, ал ауылдық халық саны 7 466 172 адам болған.
— 2025 жылдың басымен (20 283 399 адам) салыстырғанда халық саны 212 576 адамға артқан. Өсімнің негізгі себептері табиғи өсім — 196 423 адам, көші-қон сальдосы — 16 153 адам, — делінген хабарламада.
Статистикаға сәйкес, халық саны ең көп өңірлер қатарында бұрынғыдай 7 өңір көш бастап тұр.
Атап айтқанда, Алматы қаласы — 2 347 924 адам, Түркістан облысы — 2 148 658 адам, Астана қаласы — 1 638 233 адам, Алматы облысы — 1 596 331 адам, Шымкент қаласы — 1 293 648 адам, Жамбыл облысы — 1 215 373 адам, Қарағанды облысы — 1 131 287 адам.
Сондай-ақ халқы ең аз үш өңірдің тізімі өзгеріссіз қалды. Олар ұлытау облысы — 218 993 адам, Солтүстік Қазақстан облысы — 514 156 адам, Абай облысы — 595 676 адам.
Бұған дейін былтыр қараша айында елордадағы халық саны 1,6 миллион адамнан асқан. Халықтың жыл сайынғы өсімі қалаға жүктемені арттырып, үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек есептік кездесуінде айтқан еді.