Қазақстан халқы Ассамблеясы ОҚО-да Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарих қасіреті» акциясын өткізеді

Бұл туралы ҚХА-ның баспасөз қызметінен хабарланды.
Жобаның мақсаты - ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға және жалпы құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ету; тарихта із қалдырған осы оқиғаны сақтап, келешек ұрпаққа тарихи тәжірибені жеткізу ісінде азаматтық қоғам мен мемлекетті біріктіру.
Акцияны Қазақстан халқы Асамблеясы мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Іс-шараларға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірлік ассамблеялардың мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, шығармашыл зиялы қауым, этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдарының өкілдері, саяси қуғын-сүргін және депортацияға ұшыраған халықтар өкілдерінің ұрпақтары, ғалымдар, музей және мұрағат қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысады.
Акция шеңберінде 30 мамырда облыстың оқу орындарында Ассамблея жанындағы Ғылыми-сарапшылық Кеңесінің мүшелері тақырыптық «Тарих сабақтары» өткізеді. Акция қатысушылары үшін Шымкент қаласының көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылатын болады.
31 мамырда «Қасірет» мемориалының алдында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу митингі, облыстық Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында «Кінәсіз құрбандар қасіретінің сабағы» атты саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесу, облыстық Ж.Шанин атындағы драма театрында «Тарих қасіреті» музыкалық-драмалық композициясы өтеді, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да «Тарихи қатал шындық және ортақ тағдыр» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» отырысы өтеді.
Қазақстан үшін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің үлкен мәні бар. Саясаттың салдарынан республика миллиондаған бейкүнә адамдар үшін депортация орнына айналды. Қатыгез саясаттың «халық жауын» айқындау нәтижесінде, тек қана қуғын-сүргінге ұшырағандар ғана емес, сондай-ақ олардың жақындары да зардап шекті. Акция 20 ғасыр тарихының ең қайғылы оқиғаларының біріне арналады, бейбіт күндері тоталитарлық режимнің қалауымен саяси қуғын-сүргіннен, қолдан жасалған жаппай ашаршылықтан қазақ халқының айтарлықтай бөлігі - 1 млн. 750 мың адамның өмірін жалмап, 103 мың адам қуғын-сүргiнге ұшырап, азапты лагерьлерде ұсталса, 25 мың адам жазықсыз атылды.
«Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» халықаралық жобасының іс-шараларын Қазақстан халқы Ассамблеясы алғашқы рет 2010 жылы Астана қаласында ұйымдастырып, «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінде «Тарихтан - бүгінгі күнге» атты ТМД елдері тарихшыларының бірінші форумы өтті. Оған 300-ден астам академиялық тарих ғылымының отандық және шетелдік ғалымдары қатысты. Форум нәтижесі бойынша тарихи мұраны зерттеудің бірыңғай жолдарын әзірлеу бойынша Астана Хартиясы қабылданды.
2011 жылы эстафетаны Қарағанды облысының Долинка поселкесінде күрделі қайта жөндеуден кейін ашылған Саяси қуғын-сүргін мұражайы қабылдап алды. Іс-шара барысында Мұражай бойынша экскурсиялар ұйымдастырылды, Спасск поселкесіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мемориалдық кешенінің ескерткіш белгілеріне гүл шоқтары қойылды, Астана қаласы арқылы Қарағанды қаласына «АЛЖИР - КАРЛАГ» атты еске алу автосапары, Е.Бүкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. ҚХА қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Қазақстанға көшірілген халықтар туралы «Жерұйық» көркем фильмі түсірілді (режиссер С.Таукел, сценарист Л.Сон), фильмнің тұсаукесері Астана қаласында 31 мамырда - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өткізілді.
2012 жылы «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» халықаралық жобасын іске асыру Алматы облысында жалғасын тауып, жаппай ашаршылықтың 80 жылдығы және халықтардың Қазақстанға көшірілгеніне 75 жыл толуына арналды. Талдықорған қаласында «Ортақ тағдыр» атты халықаралық «дөңгелек үстел» өткізілді, қуғын-сүргінге ұшыраған сүретшілердің туындыларының көрмесі ұйымдастырылды, «Болашақ бүгіннен басталады!» атты акция, ҚР Президенті жанындағы МБА этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастар саласын зерттеу жөніндегі орталықтың аймақтық семинар-практикумы өткізілді. Қаратал ауданының Үштөбе қаласында Бастөбе тауының етегінде Еске алу митингі өтіп, «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің алғашқы тасы қаланды. Жоба аясында Алматы облысының Көксу ауданында күштеп қоныс аудару және қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарымен кездесу, облыстық Б.Римова атындағы драма театрында театрландырылған қойылым ұйымдастырылды.