Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы мемлекеттік тіл мәселесін кеңінен талқылады
Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының төрағасы Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, мемлекеттік тілдің қолданылу мәселесі кеңестің бұған дейінгі отырысында көтеріліп, ассамблея мүшелері кезекті жиынды мемлекеттік тілге арнайық деп ұсыныс жасады. Елбасымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ассамблеяның 17-сессиясында мемлекеттік тілді меңгеруге айрықша маңыз бергені мәлім.
Кеңейтілген кеңес отырысында «Мемлекеттік тілді оқыту және дамыту бағытындағы өзекті мәселелер» тақырыбында баяндама жасаған М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры Асхат Иманғалиевтің айтуынша, университет социологтарының жүргізген әлеуметтік сауалнамаларына сәйкес облыс халқының 67 пайызы мемлекеттік тілді жақсы біледі. Студенттердің 71 пайызы тіл білудің маңызын түсінеді. Дейтұрғанмен сұралғандардың 48 пайызы қазақ тілін толыққанды меңгеруге оқу-әдістемелік құралдар мен мамандардың жетіспеушілігі кедергі келтіріп отырғандығын айтқан.
Жиын барысында орыс мәдени орталығының төрағасы Сергей Погодин отырғандарға ой саларлықтай ұсыныс тастады. Ол мемлекеттік тілдің өзге этностар арасында ділгірлігін анықтау үшін арнайы зерттеу жұмысын жүргізуді ұсынды. «Тәуелсіздік алғалы бері 20 жылда біраз жұмыс атқарылды, дегенмен қазір бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейтуіміз қажет. Біздің орталық жанындағы қазақ тілін үйрету курсынан бес жылда 320 адам оқып шықты. Жасым келді, тіл үйрене алмаймыз дегенді қою керек. Үйренгісі келген адам үйреніп алады. Мысалы, осы отырған ұлттық орталықтардың төрағалары 4-5 ай тіл сындыру курсына қатысып, өзіміз үлгі көрсетейік. Сіздерді соған шақырамын», - деді Сергей Погодин.
«Еділ-Жайық» қауымдастығының төрағасы Аманжол Зинуллин сонау 1980 жылдардың аяғында қазақ тілін үйренуге еселеп өскен құлшыныстың қазір біршама кеміп кеткендігін айта келе, оның көптеген себептеріне тоқталып, жаһандану дәуірінің бұған өзінің кері әсерін тигізгендігін де атап кетті. «Елбасы «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегені ең басты басымдық болуы тиіс. Тіл үйренуге талпынысы барлар өз алдына, талпынысы жоқ адамдармен жеке-жеке жұмыс жасалса, құба-құп. Бұл іске қоғамдық ұйымдарды кеңінен тартуға болады. Сосын 1990 жылдардың басында бизнес құрылымдары басшыларының өз ынта-ықыласымен, қаржыландыруымен жұмыс істеген мемлекеттік тіл үйрету курстарын қайта қалпына келтірсе нұр үстіне нұр болар еді», - деді Аманжол Зинуллин.
Отырыста, сондай-ақ, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғалидің «Мемлекеттік тілді дамыту - қоғамдық мүдде», Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы атқарушы хатшысының орынбасары Вера Шохинаның «Мемлекеттік тіл үйренудің психологиялық аспектілері» тақырыбындағы баяндамалары, өзге де ассамблея мүшелерінің ой-пікір, сын-ескертпелері тыңдалып, қаперге алынды.
Баяндамашыларды тыңдай отырып, Нұрлан Асқарұлы әр мекемеде мемлекеттік тілде құжат жүргізуді бір маманға жүктеп қоюдың қате екендігін қадап айтты. «Бұл әр мекеме басшысының намысына, азаматтық арына байланысты. Жасыратыны жоқ, осы отырған кей азаматтарымыз үйде ұл-қызымызға, немере-ұрпағымызға орыс тілінде сөйлеп кетеміз. Одан арылу керек. Яғни мемлекеттік тілді меңгеру әркімнің өз отбасы, ошақ қасынан басталуы тиіс. Тағы бір маңызды жағдай - тіл үйретуде зорлық болмауы шарт», - деді облыс басшысы.
Кеңейтілген отырыс соңында арнайы шешім қабылданып, онда төмендегі мәселелерге айрықша маңыз беру ұйғарылды: 2020 жылға дейін көзделген нақты нәтижелерге жету үшін мемлекеттік тілдің ортақ жүйесін құру мақсатында облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолданыстағы стратегиялық жоспарын қайта қарау; аудандар және Орал қаласы әкімдері тарапынан мемлекеттік тілдің қолдану ахуалын толық зерттеп, бір ай мерзімде нақты іс-әрекеттерді қолға алу үшін педагогтар, тәрбиешілер, мекеме-кәсіпорын басшыларының қатысуымен активтердің кеңейтілген отырыстарын өткізу; қазіргі инновациялық технологиялар негізінде мемлекеттік тілді оқытудың озық әдістерін қолдану бойынша шаралар қабылдау; мемлекеттік тілді меңгерудің озық тәжірибесі, мемлекеттік тілге оң көзқарасты қалыптастыратын материалдардың орыстілді бұқаралық ақпарат құралдарында үнемін жариялануын қамтамасыз ету; курстарда оқып шыққан мемлекеттік қызметкерлердің білім мен қабілетін тексеру үшін М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен емтихан тапсыруға жағдай жасау және университет басшылығына осы шараларды ұйымдастыру; Қазақстан халқы Батыс Қазақстан облысы ассамблеясы «Орыс тілінде оқытылатын мектептерде қазақ тілі» мамандығына гранттарды бөлуді көбейту жөніндегі мәселені зерттеп, ұсыныспен шығу.