14:20, 04 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының отырысында ұйымдастыру мәселелері қаралды
ОРАЛ. Желтоқсанның 4-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Қуанышбай Төлебаевтың төрағалық етуімен облыс ассамблеясы кеңесінің кезектен тыс отырысы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Онда Қазақстан халқы Ассамблеясы стратегиясы бойынша облыс ассамблеясының алдағы жылға арналған жұмыс жоспары қабылданды. «Қазақстан кәрістері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Георгий Ким енді облыстық ассамблеяның ақсақалдар алқасына да жетекшілік жасайтын болды. Сонымен қатар облыс ассамблеясының құрамы бекітіліп, академик, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Тұяқбай Рысбеков ассамблея жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық кеңестің төрағасы болып сайланды.
Бұл ұйымдастыру шаралары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы ХV сессиясында берген тапсырмаларына сәйкес қолға алынып отыр.