Қазақстан халық банкі «Қазақстанның валюта айырбастау операциялары нарығындағы үздік қызмет көрсетуші провайдер» деп танылды
АЛМАТЫ. 19 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Global Finance» халықаралық қаржы басылымы «Қазақстан халық банкі» АҚ-н Қазақстанның валюта айырбастау операциялары нарығындағы үздік қызмет көрсетуші провайдер» деген аталым бойынша жеңімпаз деп таныды.
Ол қаржы институтының клиенттер жүргізетін, сондай-ақ банкаралық және биржалық транзакциялардың ауқымы, жаһандық және жергілікті нарықтағы үлес, ұсынылатын өнімдердің әртүрлілігі, қызметкерлердің кәсіби деңгейі, қызмет сапасы, бағалық бәсекелестік және инновациялық технологияларды енгізу деңгейі сияқты көрсеткіштері арқылы анықталды.
«Әлемдік қаржы нарығы бастан өткізіп отырған күрделі кезеңде қол жеткізілген жоғары баға көп нәрсені білдіреді. Бұл ең алдымен дүниежүзілік бизнес-қауымдастығы өкілдерінің банкке деген сенімінің ұлғайып, нығайып келе жатқандығының белгісі. Бұл жетістігімізді банк клиенттері мен акционерлерінің және инвесторларының мүддесі үшін неғұрлым жоғары тиімділікпен қызмет көрсету бағытындағы тынымсыз еңбегіміздің нәтижесі деуге болады»,- дейді басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова. Бұл Қазақстанның банк қызметі саласындағы жетекші қаржы институтының жыл басынан бері халықаралық деңгейде иеленіп отырған төртінші мәртебелі марапаты болып отыр. Бұған дейін «Euromoney» қаржылық басылымы «Қазақстандағы 2011 жылғы үздік банк» деп мойындаса, «Emeafinance» журналы «Europe Banking Awards» аталымы бойынша, ал «Global Finance» халықаралық қаржы басылымы бұған «World's Best Emerging Market Banks» аталымы бойынша үздік деп тапқан еді.