Қазақстан халықаралық Medicrime конвенциясына қосылады

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан Еуропа Кеңесінің Халық денсаулығына қауіп төндіруші жалған медициналық өнімдер және соған ұқсас қылмыстар бойынша халықаралық конвенциясына (Medicrime) қосылады, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазақстан халықаралық Medicrime конвенциясына қосылады

«Мәскеуде 26-27 қазанда Medicrime Конвенциясына қол қою рәсіміне орайластырылған Жоғарғы деңгейдегі Халықаралық конференция өтеді», - деп хабарлады www.pm.kz.

«Medicrime Конвенциясы жалған медициналық өнімдер және соған ұқсас қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін бірінші халықаралық келісім болады»,- делінген ведомство ақпарында.

Оған қоса, Конвенция профилактикалық шараларды, оның ішінде медициналық өнімдерге қатысты сапа мен қауіпсіздік бойынша талаптарды, сондай-ақ сату, ақпарат алмасу, сауда желілерін қадағалау процестері барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қарастырады. Бұл Конвенция зардап шеккендердің құқықтарын қорғау шараларын, оның ішінде құқық бұзушылыққа жол берген тұлғалардан олардың өтемақы талап ету құқықтарын қарастырып отыр.

«Қолданыстағы тетіктердің тұтынушылардың мүдделерін қорғауға жеткіліксіз екенін ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі осынау халықаралық Конвенцияға қосылу туралы шешім қабылдады»,- деп атап көрсетіледі хабарламада.

Қазақстанның Medicrime Конвенциясына қосылуы жалған медициналық өнімдерді айналымға шығарудың жауапкершілік шараларын күшейтуді қамтамасыз етіп, онымен күресудің тиімділігін арттыра түспек.