UNCTAD: Қазақстан инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестициялардың жиынтық көлемі бойынша көш бастап тұр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы АҚШ-тағы Елшілігінің The Times of Central Asia басылымында жарияланған мақаласында айтылған.
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына сапары ірі халықаралық корпорациялармен және қаржы институттарымен ұзақ мерзімді инвестициялау, өндірісті оқшаулау және Қазақстанның әлемдік құн тізбегіне интеграциялану мәселелеріне бағытталған мазмұнды келіссөздер жүргізуге мүмкіндік берді, - деп жазылған мақалада.
Айта кетсек, Президент Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Mars компаниясы арасында жалпы сомасы 180 миллион долларға жуықтайтын инвестициялық келісімге қол қойылғанын құптаған болатын. Компания Алатау қаласында үй жануарларына арналған жем зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоба ауыл шаруашылығы шикізатын озық өңдеуді және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруді көздейді. Бас директоры Пол Вейрауч Қазақстандағы нысан компанияның Орталық Азия мен оған жақын аймақтарға шығу мүмкіндігін кеңейтетін базаға айналатынын атап өткен еді.
Сондай-ақ Елшілік келіссөздердің жеке раунды денсаулық сақтау саласына арналғанына тоқталады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ashmore Group халықаралық инвестициялық компаниясының басшысы Марк Кумбс өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылаған болатын. Ashmore Healthcare International компаниясы мен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС бірлесіп, Қазақстанда халықаралық клиника салуды жоспарлап отыр. Бұл бастамаға әлемдік деңгейдегі медицина операторы – Mount Sinai Health System компаниясын тарту көзделген.
- Бастама Қазақстанның медициналық инфрақұрылым мен медициналық туризмді дамыту стратегиясына, сондай-ақ экономиканың жоғары технологиялық секторларына бағытталған «Ашық инвестициялық серіктестік» бағдарламасына сәйкес келеді, - деп жазады Елшілік.
Сапар барысында авиация тақырыбы да қамтылғаны, Қазақстан Президенті U.S. International Development Finance корпорациясының (DFC) атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдап, беделді халықаралық қаржы институты басшысымен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланғаны айтылады.
Сондай-ақ мақалада БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) ұсынған 2025 жылғы Дүниежүзілік инвестициялық есеп мәліметтері жазылған.

- World Investment Report 2025 (UNCTAD) баяндамасы бойынша Қазақстан - Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) қоры бойынша айқын көшбасшы. 2024 жылы Қазақстан экономикасындағы ТШИ қоры шамамен 151 млрд доллар болды, бұл Түрікменстанның (шамамен 45 млрд доллар), Өзбекстанның (шамамен 17 млрд доллар) және Қырғызстан мен Тәжікстанның (әрқайсысы шамамен 4 млрд доллар) көрсеткіштерінен айтарлықтай асып түсті, - деп келтіріледі.
Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігі Вашингтондағы келіссөздер еліміздің халықаралық инвесторлар үшін ұлттық нарықтың тұрақтылығы мен ашықтығын растауды көздейтін бір реттік инвестициялық мәмілелерден гөрі ұзақ мерзімді институционалдық серіктестік құруға деген ұмтылысын көрсететінін айтып түйіндеген.
Еске салсақ, 19 ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға жұмыс сапарымен барды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында сөз сөйледі.
Сапар барысында Президент АҚШ-та тұратын және білім алып жүрген Қазақстан азаматтарымен де кездесті.
Сондай-ақ америкалық The National Interest журналында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарияланды.