Трамптың Бейбітшілік кеңесі туралы не белгілі
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Давоста АҚШ президенті Дональд Трамп бастамашы болған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қойылады. Ондаған мемлекет басшылары Кеңестің келешегін нақтылап, алдағы құзыреті туралы шешім шығармақ. Бұл құрамда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Kazinform аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге жаңа ұйым әлемдік тәртіпке қалай ықпал ететінін бағамдады.
Газадан ғаламға дейін
Бейбітшілік кеңесі туралы идея өткен жылдың қыркүйек айында айтыла бастады. Сол кезде АҚШ билігі президент Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға арналған 20 тармақтан тұратын егжей-тегжейлі жоспарын жариялаған еді. Онда ұрыс қимылдары аяқталып, кепілге алынғандар босатылғаннан кейін аймақты қалпына келтіру басталады деп белгіленген.
Кейін расында да ұрыс тоқтады, кепілдегілердің барлығы дерлік үйіне оралды. Осыдан кейін Ақ үй Палестина әкімшілігі өңірді толықтай бақылауына алғанға дейін Газа секторын басқаруды Палестина комитетіне тапсырған болатын. Комитет қызметін үйлестіру және оны қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында Бейбітшілік кеңесі құрылды.

Биыл Кеңес нақты қадамға көшкенін көреміз, 16 қаңтарда АҚШ билігі Бейбітшілік кеңесіне екі құрылым бағынатынын мәлімдеді. Олар – атқарушы кеңес және Газа жөніндегі атқарушы комитет.
Әлем көшбасшыларының жиынынан соң қалай құбылары белгісіз, әзірге қос құрылым өкілдерінің басым дені АҚШ-тың лауазымды тұлғалары. Атқарушы кеңес мүшелерінің тізімінен бастайық. Мұнда:
· АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио;
· АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф;
· Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер;
· Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр;
· Apollo Global Management инвестициялық қорының бас директоры Марк Роуэн;
· Дүниежүзілік банк басшысы Аджай Банга;
· АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Роберт Габриэль кірген.
Ақ үйдің айтуынша, олардың әрқайсысы Газа секторының ұзақ мерзімді дамуына арналған жобаларға жетекшілік етеді. Бұл жобалар қатарында инвестиция тарту және халықаралық қатынастарды дамыту мәселелері бар.
Ал Газа жөніндегі атқарушы комитеттен Қатар, Мысыр, БАӘ елдерінің өкілдерін де байқадық. БҰҰ атынан гуманитарлық мәселелер жөніндегі бұрынғы үйлестірушісі Сигрид Кааг және БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы бұрынғы арнайы өкілі Николай Младенов қосылған. Айтпақшы, жоғарыда аты аталған Кушнер, Уиткофф, Блэр, Роуэн Газа жөніндегі атқарушы комитеттің құрамында да бар.
Осылардың ішінде Николай Младеновтің құзыреті біршама жоғары.Ол Газа жөніндегі Жоғары уәкіл болып тағайындалып, «Бейбітшілік кеңесі» мен Газаны басқару жөніндегі Ұлттық комитет арасын байланыстырушы басты адам болмақ.
Кеңеске кімдер кіреді?
Бастапқыда Газа секторын қалпына келтіру мәселесімен айналысуы тиіс құрылым қазір әлдеқайда кең ауқымды функцияны мойнына алмақ. Ол үшін мемлекеттердің қолдауы қажет – президенттердің мүдделес болуы тиімді. Неғұрлым көп ел қолдау білдірсе, соғұрлым мәселе тез шешілмек. Трамптың көшбасшыларды Швейцарияға шақырып, ортақ мәмілеге тартуының басты себебі де осы.
Бірақ АҚШ басшысы Кеңеске қосылуға қатысты шақыруды бәріне бірдей жіберген жоқ, елеп-екшеп қадам жасаған сыңайлы. Әлемдік БАҚ-тарда тараған мәліметке сенсек, шақыру тек 60-қа жуық елге жеткен. Оның ішінде Қытай, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Польша, Үндістан, Жапония, Израиль, Мысыр, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Иордания бар.
🚨Trump's Board of Peace charter signing ceremony: Thursday 10:30am in Davos pic.twitter.com/155SrdeyvQ
— Barak Ravid (@BarakRavid) January 19, 2026
Басым дені кеңеске баратынын растады: БАӘ, Беларусь, Марокко, Венгрия, Канада, Мысыр, Аргентина, Әзербайжан, Өзбекстан секілді мемлекеттердің басшысылары дайын отыр. Қазақстан да қалыс қалмай қатарға қосылды. Посткеңестік кеңістіктен Бейбітшілік кеңесіне қосылу ұсынысы Ресей мен Украинаға да жіберілген, бірақ олардың саяси позициясына байланысты ортаға қосылып-қосылмайтыны беймәлім.
Бәрінен бұрын Бейбітшілік кеңесінің нақты міндеті қандай болатыны қызық. Сарапшылардың ойынша, ұйым тек Газа мәселесіммен шектелмейтін сыңайлы, әлемдегі өзге де қақтығыс ошақтарын өшіруге тырысуы мүмкін.
Бұл болжамға сенуге де болатындай, себебі жақында жарияланған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысында Газаға қарата айтылған сөз аз. XII тармақта тек құқықтық, қаржылық, басқару тетігі тарқатылған.
Мысалы, Кеңес құрамының мүшелері үш жылға бекітіледі, кейін Төрағаның шешімімен олардың мерзімі ұзаруы мүмкін. Ал Кеңестің тұрақты мүшесі болуды қалайтындар 1 млрд доллар жарна төлеуі тиіс. Есте болса, мұндай жарна БҰҰ-ға мүше-мемлекеттерде де бар жүйе еді.
A draft charter of the Gaza "Board of Peace," sent to about 60 countries by the US Trump administration, reportedly calls for members to contribute $1 billion (€860 million) in cash if they want their membership to last more than three years.https://t.co/nZ4wxHqaVL
— DW News (@dwnews) January 19, 2026
Бейбітшілік кеңесі БҰҰ-ға балама бола ма?
Ендеше, басты сауал туындайды: Трамп құрған Бейбітшілік кеңесі БҰҰ-ға балама бола ма? Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің сөзінше, ұйымның БҰҰ-ға балама болуы екіталай. Оған бірнеше себеп бар.
– Біріншіден, БҰҰ екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасты. Ол өзіне дейінгі сәтсіз аяқталған Ұлттар Лигасының қателігін қайталамауға тырысты. Ұйымның дәл қазір дағдарысқа ұшырап, реформаға сұранып тұрғаны да рас. Алайда әзірге бұл ұйымды алмастыратын балама көріп тұрғаным жоқ және ондай баламаны ұсынудың да қажеті жоқ сияқты. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін реформалап, кеңестегі тұрақты мүшелер санын арттырып, вето қою құқығын өзгертіп, гуманитарлық-бітімгерлік миссияларына кең құзіреттілік ұсынып, міндетті қарарлардың орындалуын қатаңдатса да жеткілікті, – деді сарапшы.

Ұйымды БҰҰ-дан бөлетін тағы бір өзгеріс бар, ол – шешім шығару жүйесі. Бейбітшілік кеңесінде шешімдер көпшіліктің басым дауысы арқылы қабылданғанымен, соңғы сөз Төрағаның құзыретінде қалады. Мұндай талап Жарғының III бабында жазылған.
Сонымен қатар ұйым шешімдері мүше-мемлекеттердің көпшілік даусымен қабылданғанымен, Төрағаның кез келген шешімнің күшін жоюға құзыреті бар. Дауыстар тең түскен жағдайда Төраға қосымша дауыс беру құқығына ие.
Таяу Шығыстан жеткен үн
Қазақстан бұған дейін Ибраһим келісіміне қосылғанын білеміз, енді Бейбітшілік кеңесіне қатыспақшы. Бұл қадам Қазақстанның ислам әлемімен, әсіресе Таяу Шығыспен қарым-қатынасына қалай әсер ететінін бағамдау маңызды. Асхат Қасенғалидің сөзінше, ұйымға мүше болу еліміздің сыртқы саясатына айтарлықтай өзгеріс әкелмейді. Керісінше, Қазақстанның сыртқы саясаттағы көпвекторлы ұстанымы Таяу Шығыстағы салмағымызды еселей түспек.
– «Ибраһим келісімдері» - қандай да бір елге қарсы бағытталған келісім емес, бұл ең алдымен Израильдің мұсылман елдерімен қатынасын оң бағытқа өзгертуді мақсат тұтады. Оның үстіне алғаш болып келісімді араб елдері жасасты. Мысалы, олардың ішінде БАӘ, Бахрейн, Марокко іспеттес елдер бар. «Бейбітшілік кеңесіне» де араб елдерінің көбі шақырту алған, Израиль де, Түркия да шақырылды. Бұл құрылымдарға қосылу сыртқы саясатымыздағы көпвекторлық ұстанымға қайшы келе қоймас және өзге елдермен қатынасымызды қиындатпайды деп сенемін, – деді спикер.

Жақында медиа кеңістікте Бейбітшілік кеңесінің құрылымына қатысты Израильдің даулы мәлімдемесі тарады. Онда Израиль билігі Кеңестің атқару комитетіндегі мүшелерді ақылдаспай бекітті деп уәж айтқан болатын. Соған қарамастан сейсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Трамптың шақыруын қабыл алып, кеше Давосқа жетті.
Демек, Газа секторындағы мәселені шешуде әлі де болса пікір қайшылығы бар деген сөз. Сондықтан сарапшылар қос тарапқа – Палестина мен Израильге ортақ жағатын шешімдер қабылдануы керек деп санайды. Ол үшін екі елмен де жақсы қарым-қатынастағы елдердің Бейбітшілік кеңесінінде болғаны керек.
Саясаттанушы Асхат Қасенғали бұл тұрғыда Қазақстанның араағайындық мүмкіндігі мол деп санайды. Оған еліміздің Таяу Шығыстағы сауда-экономикалық, гуманитарлық белсенділігі себеп болып отыр.
– Қазақстан Ислам әлемімен де, Израильмен де жақсы қатынаста. Мысалы, біз - Израильге мұнай сататын басты елдің біріміз. Ал екінші жағынан, Палестинаның тәуелсіз ел болуын қолдаймыз, ал Газаға гуманитарлық көмек жіберіп жатырмыз, – деді ол.
Қорыта айтсақ, Дональд Трамп ұсынған Бейбітшілік кеңесі қарулы қақтығыстан зардап шеккен әлем елдеріне көмек көрсетудің жаңа форматы болуы ықтимал. БҰҰ-ға балама бола қоймас, дегенмен соғыстан қажыған халыққа жәрдемдесу, инфрақұрылымды қалпына келтіруде еш кем түспейтін секілді. Әзірге одан арғы амбиция байқалмайды. Оның үстіне Ақ үй басшысы өзін 8 соғысты тоқтатқан бітімгер ретінде санайтынын ескерсек, Бейбітшілік кеңесінен көп нәтиже күтуге болатындай.