Қазақстан инвесторлар үшін сенімді құқықтық орта қалыптастырып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Қазандағы экономикалық форумда Қазақстан тәжірибесін таныстырды.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы XVII «Ресей — Ислам әлемі: Қазан форумы» халықаралық экономикалық форумында халықаралық қауымдастыққа инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша қазақстандық тәжірибені таныстырды.
Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев инвестицияларды қорғаудың жаңа моделін қалыптастыру тәжірибесі туралы айтты.
Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген ол капитал үшін жаһандық бәсеке жағдайында құқықтық болжамдылық, ашықтық және институттарға деген сенім тұрақты экономикалық өсімнің негізгі факторына айналып отырғанын атап өтті.
— Қазақстан инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастыруды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бүгінде бізбизнеске тек ашық жұмыс шарттарын ғана емес, сонымен қатарнақты құқықтық қорғау тетіктерін ұсынамыз. Әрбір инвестициялық жобаның артында заң кепілдігі мен мемлекеттің жауапкершілігі тұруы тиіс, — деді Жандос Өмірәлиев.
Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес 2024 жылдан бастап прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдеп келеді.
Осы уақыт ішінде прокурорлар 2 мыңнан астам инвестордың құқығын қорғап, әкімшілік кедергілерді жойып, 270 инвестициялық жобаның іске қосылуын қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде шамамен 30 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Институционалдық реформаларға да ерекше назар аударылды. Президенттің Жарлығымен 2025 жылғы желтоқсанда Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылып, Бас прокурорға Инвестициялық омбудсмен функциялары берілді.
— Комитеттің құрылуы инвестициялық жобаларды іске қосуданбастап олардың толыққанды жұмыс істеуіне дейін инвесторлардынақты құқықтық қорғау жүйесін қалыптастырудағы маңызды қадам болды, — деп атап өтті Бас прокурордың бірінші орынбасары.
Бүгінде прокурорлар 36 елден келген шетелдік серіктестердің қатысуымен жалпы құны шамамен 200 миллиард АҚШ доллар болатын 3 мыңға жуық инвестициялық жобаны сүйемелдеп отыр.
Форум қатысушыларына инвестициялық жобаларды мониторингтеуге арналған, тәуекелдер мен кідірістерді және проблемалық мәселелерді нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық құралдар да таныстырылды.
Тағы бір маңызды жаңашылдық — комитет жанынан мемлекет пен бизнес арасындағы диалог алаңын құру. Бұл алаң дауларды сотқа дейін реттеуге бағытталған.
Сөз соңында Жандос Өмірәлиев инвестицияларды қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, инвестициялық ахуал мен бизнестің құқықтық қауіпсіздігі мәселелері бойынша серіктес елдердің тұрақты сараптамалық платформасын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Форум аясында қазақстандық делегация Ресей мен Әзербайжан өкілдерімен екіжақты кездесулер де өткізді. Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетін құру және инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеу тетіктерін енгізу бойынша Қазақстан тәжірибесі шетелдік серіктестердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Айта кетелік Қазақстан көмір өндіру көлемін ұлғайтып, жарты триллион теңге инвестиция тартпақ.