Қазақстан-Иордания қатынастарына арналған кітаптың тұсауы кесілді
АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Иорданиядағы Қазақстан елшілігі жақында басылып шыққан «Қазақстан-Иордания қатынастары: достық пен жасампаздықтың 20 жылы» кітабының тұсаукесеріне байланысты қабылдау өткізді.
Бұл туралы ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен хабарланды.
Тұсаукесерге корольдік отбасы мүшелері, Үкімет өкілдері, парламентарийлер, көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, бизнес қауымдастық және Корольдіктің жетекші БАҚ-тары, сондай-ақ Қазақстан-Иордания достық қоғамының мүшелері қатысты.
Хашимит Корольдігі тарапынан Ұлы мәртебелі Абдаллы II Корольдің Бас Камергері Раад бен Зейд ханзада, Иордания Жоспарлау министрі Ибрагим Саиф және Иордания Сыртқы істер министрлігінің бас хатшысы Мұхаммад Әли Дахер тұсаукесердің мәртебелі меймандары болды.
Иордания Хашимит Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының елшісі Болат Сәрсенбаев өзінің құттықтау сөзінде екі ел арасындағы қатынастар туралы аталмыш кітапқа енген пікірлері үшін Иорданияның саяси қайраткерлеріне алғыс білдірді, көптеген мәселелер бойынша өзара түсіністіктің жоғары деңгейде екенін, сондай-ақ, Қазақстан және Иордания ынтымақтастығының түрлі салаларында қол жеткізген табыстар жөнінде айтып өтті.
Өз кезегінде, Раад бен Зейд ханзада қысқа уақыт ішінде екі бауырлас ел арасындағы ынтымақтастықтың жоғарғы деңгейге жеткенін атап өтті, Иорданияның әрі қарай достық және өзара түсіністік қатынасын арттыруға ниетін білдірді.