Қазақстан Иран нарығына жеткізілетін арпа көлемін бірнеше есе көбейте алады

АСТАНА. KAZINFORM — Иран нарығына жеткізілетін арпаның көлемін Қазақстан бірнеше есе көбейте алады. Бұл туралы Ақордада Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианмен келіссөздер қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстан Иран нарығына жеткізілетін арпа көлемін бірнеше есе көбейте алады
Фото: ҚР АШМ

– Тағы бір маңызды сала – ауыл шаруашылығы. Қазақстан Иран нарығына астық және басқа да дәнді-дақыл тасымалдайды. Мысалы, былтыр 500 мың тоннадан астам арпа жеткіздік. Оның көлемін бірнеше есе көбейтуге мүмкіндігіміз бар. Осы мәселені Масуд Пезешкиан мырзамен жан-жақты талқыладық. Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыруға және өңдеу өнеркәсібін өркендетуге баса мән беріп отыр. Бұл ретте су ресурстарын тиімді пайдалану, осы салаға жаңа технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы жерлерін басқарудың заманауи әдістерін қолдану үшін өзара тәжірибе алмасуға келістік, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында ақпараттық технологияларды дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлінгенін айтты.

– Қазақстанның бұл салада жетістіктері бар. Осы ретте қос тарап заман талабына сай ІТ шешімдер қабылдау және ғылыми ізденісті тереңдету бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті, - деді Президент.

Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианды қарсы алғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар