Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссияның 12-ші отырысы өтеді
АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - 26-27 маусымда Астанада Қазақстан-Иран сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның 12-ші отырысы өтеді.
Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
«Аталған шарада Қазақстан тарабын Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев басқарса, Иран тарабына аталған елдің Сыртқы істер министрі Әли Акбар Салехи төрағалық етеді деп жоспарануда», - деді ресми өкіл.
Оның айтуына қарағанда, іс-шара аясында тараптар өткен жылғы үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысы нәтижесінде жасалған уағдаластықтардың орындалу барысын талқылап, екіжақты ынтымақтастықтың келешегі мен өзара тиімді бағыттарын айқындауға мүдделік танытады.
«Сондай-ақ жасалған келіссөздер бойынша тараптар отырысының қорытындысына да қол қойылады деп күтілуде», - деді А.Әбибуллаев.