Қазақстан ислам әлемі арасындағы ынтымақтастықты нағайтуға барынша күш салуда - Мемлекеттік хатшы

Бұл туралы бүгін Астанадағы Денсаулық сақтау министрлерінің 3-ші ислам конференциясының ашылуы барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев мәлім етті.
«Биыл Қазақстан Ислам Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық жасауда. Осыған орай біз ислам әлемі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға барынша күш салудамыз. Ұйымға мүше елдер арасында өзара іс-қимылды асыру бағытында ауқымды жобалар қолға алынуда. Денсаулық сақтау мәселесіне арналған бүгінгі халықаралық конференция осының айқын дәлелі»,- деді Мемлекеттік хатшы.
Қ. Саудабаев еліміз Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік салаға көңіл бөлуді басты бағдарламалардың бірі ретінде ұстанғанын айтып өтті. Осы орайда ол денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының көлемі жыл өткен сайын артып отырғандығын, республикамыздың барлық өңірлерінде заман талабына сай жаңа емханалар мен ауруханалар, емдеу мекемелері ашылып, оларға білікті және білімді мамандар тартылып жатқандығын жеткізді.
Айта кетейік,конференцияға 400-ден астам делегат қатысуда. Олардың құрамында Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше 57 мемлекеттің өкілдері мен бірқатар халықаралық ұйымдардың және байқаушы елдердің өкілдері бар.
Осы алқалы жиын барысында 2012-2022 жылдар аралығында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы іс-қимыл стратегиялық бағдарламасының жобасы талқыланады деп күтілуде. Сонымен қатар 1 қыркүйекке дейін жалғасатын конференция жұмысында медициналық қызмет саласы аясында ИЫҰ елдерінің ынтымақтастығын бұдан ары қарай нығайту мақсатында Астаналық декларация мен бірқатар қарарлар қабылданбақ.