Қазақстан-испан кездесуінде дипломатиялық төлқұжат иелерін визалық талаптардан босату мәселесі сөз болды
АНА. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат - Мадридте қыркүйектің 24-25-інде жауапты хатшы Рәпіл Жошыбаев бастаған Сыртқы істер министрлігінің делегациясы мен Испанияның сыртқы саясат ведомствосы басшылығының арасында келіссөздер өтті.
Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазақстандық делегация басшысы Испанияның консульдық мәселелер мен көші-қон жөніндегі бас хатшысы Франциско Хавьер Элорса Кавенхтпен және Испания Сыртқы істер министрлігінің консульдық мәселелер жөніндегі бас директоры Мигель Фрутос Гомеспен кездесті. Бұл кездесуде сөз болған негізгі мәселе - дипломатиялық төлқұжат иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігінің арасындағы келісімнің жобасын талқылау болды. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қараша айына жоспарланған екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының консультациялары барысында жоғарыда аталған келісімді жасау ниеті туралы екіжақты консультацияның хаттамасына қол қойды. Қазақстандық тарап сондай-ақ, қазақстандық азаматтарға испан визасының берілуін оңайлату мәселесін көтерді.
Испания делегациясының басшысы өз кезегінде, визалық режимді оңтайландыру мәселесінде Испанияның Қазақстанға толыққанды қолдау көрсетуге әзірлігін жеткізді.
Р.Жошыбаев сонымен қатар Испания Сыртқы істер министрлігінің Солтүстік Америка және Еуропа істері жөніндегі бас директоры Фернандес де ла Пеньямен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастың аудымды мәселелерін, бірқатар халықаралық проблемаларды талқылады. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығының негізгі басымдықтарына тоқталған қазақстандық дипломат, испан тарабын Қазақстанның Еуроодақ елдерімен саяси, сауда-экономикалық, мәдени және басқа да салалардағы, оның ішінде иммиграциялық саясат саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуді қарастырған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы хабардар етті, деп хабарлады қазақстандық сыртқы саясат ведомствосынан.