Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан ИЫҰ-дағы төрағалығы арқылы бұған дейін ислам әлемінен қол үзіп келген мәдени-саяси байланыстарын қайта жаңғыртты - Е.Қазыханов

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанның сыртқы саясаттағы салмақты қадамы халықаралық аренада мойындалып келеді. Ел тарихындағы ең бір елеулі кезең болған 2010 жылғы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалығы барысында да бұл айқын аңғарылған еді.

Қазақстан  ИЫҰ-дағы төрағалығы арқылы бұған дейін ислам әлемінен қол үзіп келген мәдени-саяси байланыстарын қайта жаңғыртты  - Е.Қазыханов

Содан кейінгі кезеңде Ислам Ынтымақтастық Ұйымының тізгінін қолға алған еліміздің бірқатар бастамалары кеңінен қолдау тауып отырғаны да шындық. Осыған орай, Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ержан Қазыхановпен әңгіме барысында ИЫҰ шеңберіндегі және басқа да бағыттағы атқарылған шараларға, жеткен жетістіктерге назар аударылды.

- Министр мырза, Қазақстан 2011 жылғы маусым айының соңына таман Астанада Сыртқы істер министрлер Кеңесінің 38-інші сессиясын қабылдап, Ислам Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық жасағанына бір жылдан астам уақыт өтті. Осы кезеңнің өзі белгілі бір қорытындылар жасауға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Ендеше Қазақстанның Ұйымға төрағалық қызметінің негізгі нәтижелері туралы айта кетсеңіз?

- Расында, Қазақстан төрағалығы заманауи тарихымыздың өзгеріске толы кезеңіне, ислам әлеміндегі радикалды саяси және әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мезгіліне тап келді. Осыдан бір жыл бұрын ИЫҰ Сыртқы істер министрлері Кеңесінің 38-інші сессиясының ашылуы барысында Президент Н.Назарбаевтың ислам қоғамын пайда болған қаржылық-экономикалық дағдарыстан шығару мақсатында әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыртудың қажеттілігі туралы бастаманы көтергені кездейсоқ емес. Мемлекет басшысы мұсылман қауымдастығы елдері ішіндегі жетекші он экономика топтарының диалог алаңын, шағын және орта бизнесті қолдау қорын, ИЫҰ шеңберінде азық-түлікпен өзара көмек көрсету жүйесін құру секілді тағы да басқа  бірқатар кең ауқымды бастамаларды ортаға салды. Қазақстанның жаңарту бастамасы Ұйымның мүше-мемлекеттері мен институттарының қызу қолдауын тапты. Ислам банкі аталған экономикалық бастамаларды жүзеге асыруды жақын жылдарға арналған Қазақстанмен елдік әріптестік стратегиясына қосты. ИЫҰ шеңберінде Астанада штаб-пәтерін орналастыра отырып, азық-түлік бойынша өзара көмек көрсету Қорын құруға қағидатты қолдау алынды. Қазіргі таңда сарапшылар оның жарғысы мен жұмыс істеу ережесін белсенді талқылауда.

Жалпы, ИЫҰ қызметін жаңғырту саласында нақты нәтижелерге қол жетті деп айтуға болады. Ислам Конференциясы Ұйымының атауын Ислам Ынтымақтастық Ұйымы атына өзгерту туралы тарихи шешім де Астанада қабылданды, бұл оның айтарлықтай тиімді халықаралық бірлестікке трансформациялануын білдіреді. Сондай-ақ, ИЫҰ мүше-мемлекеттер басшыларының деңгейіндегі кездесулерді белсендендіру туралы келісім жасалды. Жарғысы мен қызмет жасау өлшемдері белгіленген ИЫҰ-да Адам құқықтары жөніндегі дербес Тұрақты комиссия құру секілді маңызды мәселе де өз шешімін тапты. Сарапшылардың пікірінше, бұл ИЫҰ-ны қайта брендтеу аясында және мұсылман елдеріндегі азаматтық қоғамның институционалды негізін нығайтуда айтарлықтай маңызды оқиға.

Бұдан бөлек, ИЫҰ Сыртқы істер министрлері Кеңесінің 38-інші сессиясының Астаналық декларациясы жалпы алғанда жаңғырту үдерісін ортақ қамтитын бағытта Ұйымның жаңа сапалы бағдарламалық құжатына айналды.

Осылайша, Қазақстан төрағалығының басты жетістіктерінің бірі ислам қоғамының әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңаруына күшті серпіліс беру болып табылады. Қазақстандық төрағалық назарында Ливия, Сириядағы жағдайлардың дамуы, Сомалидегі гуманитарлық дағдарысты еңсеру секілді мәселелер де болды. Атап айтқанда, біздің төрағалықтың қолдауымен жүзеге асырылған кең ауқымды науқандар нәтижесінде ИЫҰ мүше-мемлекеттерімен 500 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат жиналды.

Сонымен қатар, Қазақстан Палестина халқының өз мемлекеттілігін мойындау мен 1967 жылғы шекара бойынша Палестиналық тәуелсіз мемлекет құруға деген ұмтылысына халықаралық қолдауды жұмылдыру ісінде қомақты үлес қосты. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ мен ИЫҰ секілді ірі халықаралық ұйымдарда бірізді төрағалық етуіміз бізге өркениетаралық байланыстарды дамыту мен Батыс пен Мұсылман әлемі арасында өзіндік көпір ретінде мазмұнды үлес қосуға ерекше мүмкіндік берді.

- Қазақстандық төрағалық аясында өткізілген іс-шараларға да тоқталып өтсеңіз?

- Ондай шаралардың тек ауқымдыларын ғана атап өтейін. Мысалы, өткен жылы ислам әлеміндегі басты кездесу болған ИЫҰ Сыртқы істер министрлері Кеңесінің 38-інші сессиясымен қатар, Астанада 7-інші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы, Денсаулық сақтау министрлерінің 3-інші Ислам конференциясы, Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 4-інші Ислам конференциясы, сонымен қатар Ыстамбұлда ИЫҰ Атқарушы комиттетінің отырысы (Сомали жөнінде, 2011 жылғы 30 қараша), Нью-Йоркта (Ливия жөнінде, 2011 жылғы 23 қыркүйек) және Жиддада (Сирия жөнінде, 2011 жылғы 30 қараша), ИЫҰ-ЕО форматындағы отырыс, БҰҰ БА аясында СІМ басшыларының үйлестіру кездесуі өтті. Сонымен қоса, ИЫҰ мүше-мемлекеттері мен Бас хатшылығының сұрауымен Қазақстан өкілдері Тунис пен Алжирдегі парламенттік сайлауға, Қырғызстандағы президент сайлауына Ұйым миссиясы қатарында бақылаушы ретінде қатысты. Әрбір шараны ұйымдастыру астарында бірнеше министрліктер мен ведомстволардың қызу және бірізді жұмысы жатыр. Сондықтан да, сіздер арқылы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз әріпттестеріме - мемлекеттік органдардың басшыларына біздің ортақ жұмысымызда көрсетілген ынтымақтастық рухы үшін алғысымды білдіргім келеді.

- Жалпы Қазақстанның Ұйымдағы төрағалығы қалай бағалануда?

- Өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның белсенді іс-әрекеті мен салмақты ұстанымы әріптестер тарапынан жоғары бағаланып жатыр. Біздің төрағалығымыз осы жылдың маусым айында Джибутиде аяқталуы керек болатын. Алайда белгілі себептерге байланысты Ұйым Қазақстанды өз жұмысын 2012 жылдың қараша айының ортасына дейін жалғастыруды сұрады. Оның үстіне, біздің төрағалығымыз нәтижесінде ИЫҰ Хатшылығы Ұйымның бес аймақтық орталықтарының бірін Қазақстанда орналастыру жөнінде ұсыныспен шыққанын еске салғым келеді. Бұл біздің қызметімізге берілген  жоғары баға және Қазақстанның күш-жігерімен төрағалық лауазымда ислам әлемінде жинаған сенімінің белгісі деп білемін. Осыған орай, ИЫҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноглу: «Қазақстанның ИЫҰ Сыртқы істер министрлері Кеңесіндегі төрағалығы ИЫҰ Сыртқы істер министрлері Кеңесінің төрағасына қойылатын талап деңгейін көтерді және болашақта Ұйымның мүше-мемлекеттері қатарынан болатын төрағалар үшін лайықты бағдар болмақ» деген болатын.

- Ержан Хозеұлы, әлемде және соңғы кездері біздің елде де орын алып отырған экстремистік пиғылдар тіпті халықтың бөлігінде Ислам Ынтымақтастық Ұйымына қатысты да үрей сезімін тудырып отырған жоқ па? Осыған қатысты әлгіндей ойдағы жұртшылыққа не айта алар едіңіз?

- Мен бұндай үрейлердің толығымен негізсіз және исламофобияға белшесінен батқан батыстың жаңғырығы деп айтар едім. Атауына қарамастан, 1969 жылы құрылған Ұйым діни ұйым болып саналмайды. ИЫҰ зайырлы принциптерді негізге алатын және үш діни топты - азиялық (15 ел), арабстандық (22 ел) және африкалық, сондай-ақ Суринам (Оңтүстік Америка) мен Албанияны (Еуропа) өкілет ететін 57 мемлекеттен тұрады. ИЫҰ ерекшелейтін өзгешеліктерді оның Ислам рухани құндылықтарының жалпылама танылған игілігімен басшылық ететіндігінен байқауға болады.

- 2012 жылдың 15 ақпанында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «Ислам Конференциясы Ұйымы Жарғысын ратификациялау туралы» Заңына қол қойды. Бұл саяси және тарихи маңызды шешім біздің еліміздің мәртебесін Ұйымның толыққанды мүшесі ретінде бекітеді. Бірақ, неліктен бұл қазір ғана қолға алынды? Қазақстан ИКҰ-да 1995 жылдан қатысады емес пе?

- Расында, Қазақстан 1995 жылдың 9 желтоқсанынан бастап Гвинея Республикасының Конакри қаласында өткен ИКҰ (қазіргі атауы ИЫҰ) Сыртқы істер министрлер Кеңесінің шешімімен ИКҰ-ның мүшесіне айналды. Алайда, 2008 жылға дейін өз күшінде болған ИКҰ-ның 1974 жылғы Жарғысына сәйкес, мүше-мемлекеттермен оған міндетті түрде қол қойып, ратификациялау қарастырылмағанын барлығы біле бермейді. 2008 жылдың 14 наурызында Дакар қаласында (Сенегал) өткен ИКҰ 11-інші Саммиті барысында Ұйымның жаңа Жарғысы қабылданды. Бұл Жарғы төзімділік, теңдік, әділдік және адамгершілік секілді әмбебап құндылықтарға негізделген. Сонымен қатар, құжатта халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қолғабыс ету, мүше-мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздік пен аймақтық тұтастығын сыйлау туралы баптар бекітілген. Жаңа Жарғының міндетті түрде ратификациялау туралы баптарына сәйкес, Қазақстан тиісті жұмыстарды атқарып, еліміздің Ата заңына басымдық бере отырып, Ұйымның негізін қалаушы құжатты ратификациядан өткізді. Қазіргі уақытта мемлекеттік мекемелермен ИЫҰ экономикалық блогына қатысты келісімге қол қою бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

- Солтүстік Африка мен Таяу Шығыста орын алып отырған жағдайлар Қазақстанның ИЫҰ Сыртқы істер министрлері Кеңесіне төрағалығына тұспа-тұс келді. «Араб көктемі» Ұйымға мүше-мемлекеттердің бірқатарында саяси элитаның радикалды түрде ауысуына және осы аймақтардағы тұрақсыздыққа себеп болды. Осы оқиғалар төрағалықтың басымдықтарына қалай әсер етті және қандай іс-әрекеттер қабылданды?

- Әрине, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыста орын алған оқиғалар мен «Араб көктемі» біздің ИЫҰ-дағы төрағалығымызға белгілі бір түзетулер енгізді. Бірақ, бұл жағдайлар бізді қапыда қалдырған жоқ. Төрағалыққа дайындық кезінде біз аталған аймақтардағы мүмкін болатын жағдайлардың даму сценарийлерін, олардың себептері мен салдарын жалпы қарастырған болатынбыз. Ливия дағдарысының шешімі табылған соң біздің ендігі назарымыз Сирияның басындағы қайғылы жағдайдың өршуіне ауып отыр.

ИЫҰ шеңберіндегі біздің күш-жігеріміз мүше-мемлекеттердің жалпы ұстанымдарын құруға, тараптардың қантөгістерді тоқтатуға, сондай-ақ К.Аннан Жоспарын жүзеге асыруға деген жігерін қолдауға, Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетуге өз септігін тигізді. Алайда, жағдай одан сайын ушығып отырғаны белгілі. Таяу Шығыстағы халықаралық жағдайларды үнемі назарға алып жүрген адамдар үшін ИЫҰ-дағы мүше-мемлекеттердің сириялық мәселеге қатысты ұстанымдары біртекті емес екендігі және айтарлықтай бір-бірінен алшақ екендігі құпия емес деп ойлаймын. Осылайша, бірқатар елдер Араб мемлекеттері Лигасы аясындағы секілді қақтығыстың бастапқы деңгейінде-ақ ресми Дамаскіге қатысты шара қабылдау қажет деп санады, тіпті Сирияны ИЫҰ-нан шығаруға дейін барды.

Жалпы алғанда, осынау күрделі жағдаяттар барысында ИЫҰ Сыртқы істер министрлері Кеңесіндегі біздің төрағалығымыз көпжақты дипломатиямызға сын болды. Өйткені, Сирия мәселесінде көптеген аймақтық және әлемдік державалардың мүдделері картаға тігілді, кей жағдайда біздің еліміз төраға ретінде белгілі қысымдарды бастан кешірді. Қазақстан бұл жағдайда өзін дербес мақсаттардың соңынан кетпейтін және басқалардың сілтеуімен жүрмейтін тәуелсіз брокер ретінде танытты деп білемін. Қазақстанның төраға ретіндегі Сириядағы жағдай бойынша салмақты және теңгерімді амалды сақтаудағы қағидатты ұстанымы, осы бағыттағы Қазақстан жасаған үлкен жұмыс Ұйым ішіндегі бытыраңқылықтан сақтап қалды десек артық айтқан болмаймыз.

- Палестина мәселесі ИЫҰ күн тәртібіндегі іргетасты мәселесі, Ұйымның құрылуына себепші болып табылады. Қазақстан тарапынан осы мәселеге қандай назар аударылуда?

- Қазақстан Палестина халқының БҰҰ-ға толыққанды мүше болуға талпыныстарын қолдауды жұмылдыру ісіне маңызды үлес қосқанын атап өткім келеді. Дәл біздің ИЫҰ жыл сайынғы үйлестіру кездесуіндегі төрағалығымыз кезеңінде өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-ы сессиясында мүше-мемлекеттердің тиісті шешімі қабылданды. Біз ЮНЕСКО-да да өзіміздің Палестинаға деген қолдауымызда бірізділік таныттық. Осы жылдың маңызды оқиғасының бірі Қазақстан жетекшілігімен ИЫҰ мен Ватикан арасындағы тікелей келіссөздер өткізуі болды. Бұл өз кезегінде Ватикан мен Израиль арасындағы келіссөздерде Палестина мүддесін есепке алу мәселесі жөніндегі өзара түсіністікке қол жеткізуге алып келді.

- Баршаға белгілі, трансшекаралық өзендерді қолдану Қазақстан үшін өзекті мәселе болып қалып отыр. 2011 жылдың 13-14 шілдесінде Астанадағы ИЫҰ Су концепциясын жасап шығару жөніндегі сараптамалық отырысында су ресурстарын тиімді пайдалану - бұл ИЫҰ барлығы дерлік мүшелерінің мәселесі екендігі анықталды. Осы мәселедегі Қазақстан мүддесі назарға алынады ма, және бұл бағыт бойынша Ұйымның келесі қадамдары қандай болмақ?

- Біз Орталықазиялық өңірде су ресурстарын тиімді, рационалды түрде және қауіпсіз пайдалану мәселесі бойынша ынтымақтастықты және бұл бағыттағы өзара ықпалдастық формасының кеңеюін қолдаймыз. Расында, қауіпсіз су ресурстарын пайдалану мәселесі ИЫҰ күн тәртібіндегі айтарлықтай өзекті мәселе. 2012 жылы 5-6 наурызда Ыстамбұлда ИЫҰ су ресурстары жөніндегі министрлер Конференциясында қабылданған ИЫҰ су концепциясы ИЫҰ аумағында су ресурстарын қолдану қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты сараптамалау өнімі болып табылады. Оның қатарында жерлердің шөлейттерге айналуы, су кеңістіктерін ластау мен тұздандыру және басқа да көптеген мәселелер бар. Ең бастысы, онда мемлекеттердің су ресурстарын тиімді және қауіпсіз қолдану бойынша жалпы пікірлері көрсетілген және аталған салада бірлескен нақты ғылыми бағдарламалар мен жобаларды кеңейтуге шақырады.

Біз үшін бұл құжат Орталық Азия елдерімен су ресурстарын пайдалану саласы жөніндегі ынтымақтастық бойынша қосымша платформа болып табылады. Сол үшін ИЫҰ аясындағы әріптестерімізбен аталған Концепцияны жүзеге асыруға басымдық салу үшін өзара ықпалдастыққа дайынбыз.

- Ержан Хозеұлы, қатардағы қазақстандықтарды ең алдымен осы төрағалықтың біздің елімізге пайдасы, қыруар қаражатқа атқарылған қымбат шараларды жасаудың мақсаты мен Қазақстан үшін осы төрағалық ауыртпалығы не үшін қажет болды деген сұрақтар қызықтыруы мүмкін. Ендеше осы сұрақтарға Сіздің жауабыңыз қандай болмақ?

- Сыртқы істер министрлігі Қазақстанда осындай деңгейдегі халықаралық шараларды өткізу туралы шешім қабылдай отырып, ең алдымен оларды ұйымдастырудың саяси және экономикалық мақсаттылығын, нәтижесі мен әсерін басты назарда ұстайды. Және бұл тек ИЫҰ-дағы төрағалыққа ғана қатысты емес, кез-келген халықаралық форумдарға да қатысты. Енді, төрағалық пайдасына келетін болсақ, оның пайдасы бар және ол көпқырлы. 1969 жылы құрылған Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ) қатысушыларының саны, қамтитын географиялық ауқымы және арнайы құрылымдары бойынша БҰҰ-дан кейінгі екінші ірі халықаралық ұйым болып табылады. 1995 жылы ИЫҰ-ға толыққанды мүше болған Қазақстан бар болғаны он бес жылдың ішінде-ақ жалпы халық саны 1,5 млрд. адамды құрайтын 57 мүше-мемлекеттерді біріктірген Ұйымның барлық қатысушыларының бірауыздан қолдауымен төрағалыққа келді. Менің ойымша, осының өзі біздің ел үшін зор тарихи жетістік. Оның үстіне, бұл төрағалықтың өзі жас болса да белгілі бір деңгейде қалыптасқан мемлекеттің енді даму жолын бастап келе жатқан өзге елдермен өзінің даму тәжірибесімен бөлісіп, оларға қол ұшын беру міндетін қамтиды десек артық айтқандық емес. Саяси тұрғыда ИЫҰ Қазақстанның дауысын «айқын» шығаруға және өзінің сыртқы саяси ұстанымын күшті мемлекеттер конгломераты арқылы алға тартуға мүмкіндік береді.

Бұл ретте нақты ықпалдастықтың айқын белгісі ретінде ИЫҰ арнайы институты - Ислам даму банкімен ынтымақтастықты алға тартуға болады. Ислам даму банкінің Қазақстандағы жалпы портфелі 700 млн. АҚШ доллары шамасын құрайды. Ислам даму банкі мен ҚР Үкіметі арасындағы жаңартылған елдік әріптестік Стратегиясы біздің ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, әлемдегі ең ірі қаржы институттарының инвестицияларын еліміздің экономикасына құйылуын арттырады.

Төрағалық шеңберінде алғаш рет 2011-2015 жылдарға арналған Орталық Азия елдерімен ынтымақтасу туралы ИЫҰ Іс-шара Жоспары қабылданды. Бұны нақты анықталған мерзімдері мен қаржы ресурстары бар аймақтағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту тетігі ретінде қарастырамыз. Жоспардың басты бағыттарына сауда жағдайы мен инвестициялық тартымдылықты жақсарту, азық-түлік қауіпсіздігін жоғарылату, қауіпті аурулармен күрес жөніндегі аймақтық ынтымақтастық, ұйымдасқан қылмыспен, заңсыз есірткі тасымалы және заңсыз миграциямен күрес секілді өзекті мәселелер қамтылған.

Бұдан бөлек, 2015 жылы Алматыны «Ислам мәдениетінің Астанасы» деп жариялауы мәдени байланыстарды кеңейтуге күшті серпіліс береді. Егер бұның алдындағы жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-да төрағалық шеңберінде Батыс назарын өзіне аударса, ИЫҰ-дағы төрағалығымызбен біз іс жүзінде өзіміздің зор тарихымыз бен өркениетті тіршілігіміздің жаңа қабатын аштық, бұған дейін ислам әлемімен қол үзіп келген мәдени-саяси байланыстарымызды қайта жаңғыртып, жаңа деңгейге шығардық. Төрағалық аясында өткізілген барлық кешенді шаралар, мұсылман елдерімен сауданы кеңейтуге және ислам инвесторлардың келуіне, қаржы ресурстарын тарту мен ислам банкингін енгізуге, біздің елімізге туристер ағымын ұлғайтуға және өзара мәдени-рухани баюға үлес қоса отырып, біздің еліміздің азаматтары үшін айтарлықтай нәтижелер беріп отырғанына сенімдімін. Және Қазақстанның ислам әлемімен жақындасуының тиімділігі ұзақ мерзімді кезеңде одан әрі сезіле түсетін болады деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рақмет!