Қазақстан қақтығысты тек дипломатиялық амалдармен реттеуге болады деп есептейді – Тоқаев Ресей-Украина қақтығысы туралы
АСТАНА. KAZINFORM - Пәкістанның The News International газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей-Украина қақтығысына қатысты пайымын айтты.
- Расында, жағдай аса күрделі. Бұл жердегі ең басты мәселе – территориялық талас екенін түсінеміз. Қазақстан қақтығысты тек саяси, дипломатиялық амалдармен реттеуге болады деп есептейді. Қазіргі жағдайда бейбітшілікке қол жеткізудің жалғыз жолы – қақтығысқа қатысушы тараптарды келіссөзге келістіру. Бұған кәміл сенеміз. Қазақстан араағайын рөлін атқаруға ұмтылмайды. Алайда еліміз келіссөздерге бейтарап алаң ұсынып, жан-жақты көмектесуге дайын, - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Газа секторында бейбітшілік орнату жоспарына қатысты пікір білдірді.
- Арнайы өкілдер Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер ұсынған жоспар жақсы ойластырылған. Меніңше, бұл аса өршіл бастама болғанымен, оны орындауға әбден болады. Жоспардың кейбір аспектілері бейбітшілік пен өсіп-өркендеуге берік негіз қалайтын даму жобасына ұқсайды. Алайда, қос халыққа арналған екі мемлекет құруға саяси ерік-жігер болмаса, қандай да бір жоспардың түбегейлі іске аса қоюы неғайбыл. Толассыз қантөгісті тоқтатып, қалыпты өмірге оралуға тек осындай шешім ғана түрткі бола алады, - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды.