Қазақстан қалаларында кешенді түскі ас бағасы қанша
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде кешенді түскі астың орташа бағасы – 1 500-2 000 теңге. Бірақ түскі асқа кіретін тағам әр қалада әртүрлі. Kazinform тілшісі өңірлердегі бағаны салыстырды.

Кешенді түскі аста қазақ, шығыс, еуропалық немесе өзге елдің ас мәзірін таңдауға болады. Әдеттегідей сорпа, тартылған еттен котлет пен жанына күріш, макарон немесе картоп езбесін таңдауға болады. Кей аспаздар күн сайын өздері үйлестірген ас мәзірін ұсынады. Жеткізу қызметі тағам бағасына кірістіріледі. Ал егер ұжымға тапсырыс берсе, тегін апарады. Арнайы өзіңіз ғана алсаңыз, жеткізу бағасы 500-1000 теңге аралығында болады.
Орал қаласында кешенді түскі ас арзан. Мұндағы дәмханалар бірінші, екінші ыстық тамақ, салат пен нанға 900 теңге (бірнеше адам тапсырыс берсе) алады. Ал, асханаларда қуырдақтың бағасы 1 200 теңге, дәмханалардағы бизнес-ланч бағасы – 1 600-2 100 теңге аралығында.
Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Талдықорғанда түскі астың бағасы 1 200 теңгеден басталады. Алматыда баға – 1 200-1 800 теңге (сорпа, картоп езбесі мен котлет, туралған ет қосылған тамақ, күріш, компот). Ұжым болып тапсырыс берсе бонус жинап, жеңілдік алады.
Ақтөбеде де 1 200-1 300 теңге төлеп, түскі ас ішуге болады. Мәзірге борщ, рассольник, лағман, манты, күріш пен салат, шырын кіреді. Түркістандағы дәмханада кешенді түскі ас құны – 1 200 теңге (лағман, күріш, манты, салат пен шырын). Қызылордада үш адам тапсырыс берсе, жеткізу қызметі тегін. Мұнда бизнес-ланч бағасы – 2 000-3 000 теңге. Талдықорғанда түскі асты 1 200-1 500 теңгеге сатып алуға болады. Ал дәмханадағы бизнес-ланч бағасы – 3 000-5 000 теңге.
Көкшетауда түскі астың бағасы – 1 300-1 600 теңге аралығында. Сорпа, борщ, көкөніс салатын, котлет пен картоп езбесі, нан өнімі, компот немесе лимонад аласыз.

Атырауда кешенді түскі ас құны – 1 400 теңге. Мұнда да сорпа (борщ, мампар, жасымық сорпасы), екінші тағам (күріш, тауық еті мен картоп, күріш немесе макарон), салат пен нан кіреді. Тағам мөлшерін азайтып алуға болады. Құны – 1 200 теңге.
Таразда кешенді түскі асты 1 400-1 600 теңгеге ұсынады. Оған сорпа, қою тамақ, салат пен компот кіреді. Көбі дәмханаға барып, өзі таңдағанына тапсырыс береді. Ол кездегі бағасы – 2 000 теңге. Еуропалық үлгідегі түскі ас – 3 000-5 000 теңге.
Өскеменде кешенді түскі асты 1 500 теңгеге сатып алуға болады. Лапша, котлет пен оның жанына картоп, макарон немесе күріш таңдайсыз. Онымен қоса салаты мен компоты бірге беріледі. Қостанайда дәл осы тағамды кеңсеге дейін жеткізіп беріп, 1 500 теңге алады. Кейде акция ұйымдастырып, бағаны 990 теңге теңгеге төмендетеді.
Астанада ас мәзірі әртүрлі. Кешенді түскі ас бағасы 1 500 теңгеден басталады. Көп жерде түскі ас құны – 1 950 теңге. Оған сорпа, екінші ыстық тамақ, салат, шырын мен нан кіреді. Бағасы 2 550-3 850 теңге болатын бизнес-ланч бар. Кей жерде адам басына 4 000 теңгеден басталады.
Павлодарда кешенді түскі астың бағасы өзгеше есептеледі. Мұнда 1 600 теңгенің түскі асына салат, сорпа, лағман немесе ет қосылған тағам, нан өнімі кіреді. Ал 1 700 теңгеге сорпа, котлет, күріш, самса, салат (сусын қосылмайды) сатып алуға болады. Қалада 1 890 теңгенің түскі асына сұраныс жоғары. Сорпа, күріш, құс етінен кәуап, салат, шай, тәтті мен нан өтімді түскі ас мәзірі.
Қарағандыда түскі астың бағасы 1 700 теңгеден басталады. Оған түрлі бұршақтан жасалған сорпа, тай әдісімен дайындалған тауық еті, кесек ет және жанына картоп немесе маркарон, салат кіреді. Бағасы жоғары бизнес-ланчқа «Цезарь» немесе «Греческий» салаттары қосылады, манты мен морс береді. Бағасы – 3 300-4 900 теңге.
Ақтауда түскі ас бағасы – 1 800-2 000 теңге (шевд үстелі) аралығында. Бизнес-ланч бағасы 2 200 теңгеден басталады.
Шымкентте түскі ас бағасы 1 950 теңгеден басталады. Егер күріш+шырын+нан өнімін алсаңыз баға – 2 400 теңге. Ал ет тағамы – 2 890 теңге, еттен жасалған өзге тағам бағасы – 2 400-2 790 теңге. Корей және шығыс асханасының тағамы – 3 500 теңге.
Семейде кешенді түскі асқа 2 000 теңге төлейді. Мәзірде сорпа, салат, картоп езбесі немесе макарон қосылған котлет бар. Шырын бөлек есептеледі. Қонаевта кешенді түскі ас бағасы – 2 000 теңге. Мәзір ішінде рассольник, солянка, манты, қуырылған кесек ет және көкөніс салаты бар.
Петропавлда түскі ас бағасы – 2 300-3 500 теңге (салат, сорпа, лағман, ет қосылған тағам, нан өнімі, шай). Үш адамнан тұратын отбасылық мәзір бағасы – 5 900-6 700 теңге.
Елімізде кешенді түскі ас Жезқазған қаласында қымбат. Мұндағы баға – 2 500-5 500 теңге аралығында.
Kazinform бұған дейін жартылай дайын өнім бағасын салыстырып жазды.