Қазақстан қалаларында құрылыс материалдарының бағасы қанша тұрады
АСТАНА. KAZINFORM - Астана мен Алматы құрылыс материалдары қымбат қалалар қатарына кірмеді. Қазақстан бойынша ең арзан және ең қымбат материалдар арасындағы айырмашылық 40% болып тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттінің тілшісі.

Үй құрылысы немесе жөндеу жұмыстары кезінде ең бірінші мәселе құрылыс материалдарының бағасына келіп тіреледі. Біз жеке және коммерциялық құрылыс кезінде жиі қолданылатын материалдарды таңдадық. Әрине, ең бірінші құрылысқа кірпіш қажет. Біз М150 силикат кірпішінің бағасын білдік. Бұл қабырға үшін берік әрі қолжетімді кірпіш түрі. Кірпішті қалау оңай әрі жылуды жақсы сақтайды, қалаушы епті болса үй мен ғимараттың сәнін де келтіріп тұрады.
Кейін бізге бетон қажет. Көп тараған М200 маркалы әмбебап нұсқасы таңдалды. Бұл іргетасты қалау кезінде өте ыңғайлы әрі жол құрылысына, жабындыға жарамды. Сонымен бірге еден құю, баспалдақ пен темірбетон конструкциясында қолдануға болады.
Тағы бір қажетті құрылыс материалы - арматура. Дұрыс таңдау – өнер. Сондықтан біз статистикаға сүйеніп, нарықта сұранысқа ие диаметрі 12 мм болатын кедір-бұдырлы А3 маркалы (темірбетон құрастырылымы кезінде беріктігін қамтамасыз етуге пайдаланады) арматураны таңдап алдық.
Әрі қарай 100×100 мм болатын ұзындығы 6 метрлік ағаш білеу таңдалды. Бұл үй, монша, сарай секілді құрылыста кең қолданылады. Оны тіреуіш ретінде қолданып, шатырды көтеруге пайдаланады.
Кейін жылу сақтауға арналған құрылыс материалына тоқталамыз. Біз қалыңдығы 50 мм болатын минералды мақтаны таңдадық. Бұл жылу мен артық шудан қорғайды.
Бағаны есептеу әдісі
Сараптау үшін хабарландыру сайттары мен құрылыс компанияларының парақшаларындағы бағалар негізге алынды. Нақты болуы үшін 500 дана кірпіш (көбіне кірпіш бағасы әр данасына есептеледі, біз ондаған хабарламаны қарап, орташа баға таңдадық) алынды. Ал бетон өндірушілер әр текше метрін есептейді. Дәл осы өлшемнің бағасын салыстырдық. Арматураның ортақ бағасын есептеу қиынға түсті. Себебі кейбір сатушы оның әр данасын бағаласа, кейбірі текше метрін, тағы бірі метрін, өзгесі келісіне қарай саралайды. Біз салмағы 100 келі болатын 114 метрлік арматураны таңдадық. Сонымен бірге 10 дана ағаш пен 10 қорап минералды мақта (қалыңдығы 50 мм болады) таңдалды.
Ең қымбат қалалар:
Ең жоғары баға Қостанайда болып шықты. Мұнда біз таңдаған 5 құрылыс материалының бәрі қымбат. 500 дана кірпіш бағасы – 67 500 теңге. Ал бетонның текше метрі 32 650 теңге тұрады. Бір центнер арматура құны – 31 000 теңге, ал 10 ағаш білеу 45 000, жылу ұстайтын мақта 68 000 теңге. Мамандар мұның себебін логистика және сұранысқа байланысты деп отыр. Қажетті сома - 244 150 теңге.
Қазақстанның өндірісті астанасы саналатын Қарағандыда да баға жоғары. Мұнда құрылыс материалына сұраныс жоғары, бағасы да көңіл көншітпей тұр. Кірпіш бағасы еліміз бойынша ең қымбат, яғни, 500 данасы орта есеппен 75 000 теңге тұрады. Ал арматура ең арзан, 100 келісінің бағасы – 28 900 теңге. Ал өзге қалаларда арматура кем дегенде 30 000 теңге тұрады.
Өскеменде арматура мен ағаш қымбат. Тізім бойынша таңдалған құрылыс материалдарының құны мұнда 237 700 теңгеге шықты.
Қымбат құрылыс материалдары.
Еліміз бойынша ең қымбат бетон Атырау қаласында болып шықты. Мұнда текше метрі 35 400 теңгеге сатылып жатыр. Сонымен бірге бұл өңірде ағаш та қымбат.
Ал Алматыда бетон бағасы арзан. Мұнда текше метрі 14 350 теңге тұрады. Бірақ бұл қалада кірпіш пен арматура қымбат. Сонымен бірге еліміз бойынша ең қымбат жылу ұстайтын мақта Алматыда сатылады. Мұнда 10 данасы салынған бір бумасы 69 500 теңге тұрады.
Шымкентте кірпіш бағасы қымбат. Ал бетон мен арматура бағасы өзге өңірлерге қарағанда орташа болып тұр.
Жезқазғанда бетон бағасы арзан. Бірақ кірпіш пен ағаш көршілес өңірлерге қарағанда қымбат болып шықты.
Еліміз бойынша орташа баға:
Ақтөбеде 500 дана кірпіш орта есеппен 63 000 теңгеге сатылып жатыр. Есесіне мұнда бетон мен арматура бағасы төмен.
Көкшетауда жылу ұстайтын мақта бағасы қолжетімді. Ал арматура, кірпіш пен бетон бағасы төмен. Дегенмен мұнда 10 дана ағаш 64 000 теңге тұрады. Бұл баға өзге өңірлерге қарағанда жоғары деген сөз.
Семейде ағаш бағасы төмен. 10 данасы 44 800 теңге тұрады. Бірақ кірпіш бағасы жоғары.
Талдықорғанда кірпіш бағасы жоғары, ал өзге құрылыс материалдарының құны төмен.
Орташа бағадан төмен:
Еліміз бойынша ең қымбат арматура Түркістан қаласында болып шықты. Мұнда центнері 52 000 теңге тұрады. Ал 500 дана кірпіш құны 31 250 теңге тұрады. Бұл арзан.
Бір қызығы Астанада баға өзге өңірлерге қарағанда төмен. Мұнда сұраныс жоғары, бірақ логистика жақсы жолға қойылған. Ағаш қымбат болғанымен, өзге құрылыс материалдарының құны орташа. Ал жылу ұстайтын мақта басқа өңірлерге қарағанда арзан.
Ақтауда кірпіш пен бетон арзан, ал өзге құрылыс материалдарының орташа бағасы қалтаға салмақ түсіреді.
Петропавлда кірпіш бағасы арзан, бірақ бетон қымбат.
Павлодарда бетон арзан, бірақ ағаш қымбат.
Құрылыс материалдары ең арзан өңірлер:
Оралда ағаш арзан, өзге құрылыс материалдарының құны да орташа бағадан төмен. Тізімде көрсетілген құрылыс материалдарын 184 700 теңгеге сатып алуға болады.
Қызылордада кірпіш пен бетон бағасы қолжетімді, ал арматура құны орташа бағадан жоғары. Мұнда жылу ұстайтын мақта бағасы 35 000 теңге тұрады. Жалпы тізімде көрсетілген құрылыс материалдарын 177 700 теңге сатып алады.
Таразда кірпіш пен бетон құны төмен, ал өзге құрылыс материалдарының орташа құны жоғары болып тұр. Жалпы құны - 176 950 теңге.
Ал ең арзан құрылыс материалдары Қонаев қаласында. Мұнда барлық құрылыс материалы қолжетімді. Тізімде таңдалғанын қоса есептегенде 173 700 теңгеге шығып тұр.
Бұған дейін Қазақстанда жөндеу жүргіз құны қанша тұратынын білдік.