Қазақстан қалаларындағы жеке мектептерде оқу ақысы қанша
Жаңа оқу жылында оқу ақысы аймаққа, оқу бағдарламасының деңгейіне және жасалатын жағдайға байланысты өзгеріп отыр. Kazinform агенттігінің тілшісі бағаны бағамдады.

Оқу ақысы 30-35 мың теңгеден басталып, ай сайынға төлем халықаралық білім ордаларында 1,5 теңгеге дейін жеткен. Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе мен Атырауда таңдау көп. Кейбір өңірде жеке мектептер енді-енді ғана ашылып, қабылдау басталды.
Петропавлда жеке мектепте оқу ай сайын 120 мың теңге болып тұр. Сингапурлық әдіспен оқытады және оқу орны тамақтандырады.
Қостанайда жеке мектепте оқу ақысы 65-120 мың теңге аралығында. Мектептің көбі тіл оқытуға және бизнес әліппесін меңгеруге күш салады.
Павлодарда бірнеше жеке мектеп бар. Ай сайынғы төлем 100 мың теңгеден басталып, 170 мың теңгеге (кейбір жеке мектептер жылдық оқу ақысын төлесе ай сайын 90 мың теңгеден есептеп береді) дейін жетті.
Көкшетауда ай сайынға төлем — 170 мың теңге. Оған тамақтану, үй тапсырмасын оқу орнында орындау қызметі кіреді.
Ақтөбеде жеке мектепте оқу құны орта есеппен 85-90 мың теңге аралығында. Өзге де таңдау бар. Мәселен бірінші сыныпқа баратын баланы сингапурлық әдіспен оқытқыңыз келсе ай сайын 125 мың теңге төлеуге тура келеді. Оқу бағдарламасы мемлекеттік стандартқа сай және үй тапсырмасын орындауға, ағылшын, математика пәндерін тереңдете оқытып, тұз шахтасын қолдануға, серуендеуге мүмкіндік береді. Ал жоғаря сынып оқушыларына 200 мың теңге сұрайды.
Оралда жеке мектепте оқу бағасы айына 50 мың теңгеден басталады. Сонымен бірге 150-170 мың теңге төлеп пәндерді терең меңгеруге болады. Үй тапсырмасын да мектепте мұғаліммен бірге орындайды.
Ақтауда жеке мектептердегі оқу құны айына 70-280 мың теңге аралығында. Атырауда баға сәл жоғары. Жеке мектепте оқу құны 100-250 мың теңге болса, халықаралық мектептерде ақысы 800 мыңнан басталып 1,2 млн теңгеге дейін жетеді. Кейбір мектепте арнайы оқу гранттары қарастырылған.
Өскеменде ірі екі жеке мектеп бар. Орта есеппен ай сайынға төлем — 280 мың теңге. Ал Семей тұрғындары жеке мектепке 40-110 мың теңге төлейді. Орта есеппен айына 60-70 мың теңгеге шығып тұр. Кейде тамақтану мен түрлі үйірмелер қосылады, оған арнайы төлем (15-20 мың теңге) төлеуге тура келеді.
Қарағандылықтар 80-150 мың теңгенің жеке мектептерін таңдай алады. Орта есеппен баға — 120 мың теңге. Ал Жезқазғанда орташа баға — 100 мың теңге.
Қызылордада ата-аналар баласының оқуына ай сайын шамамен 15-50 мың теңге төлейді.
Таразда таяуда ғана ашылған мектеп 1-4 сынып оқушыларына арналған оқу ақысын 57 мың теңге деп бекітті. Ал ортаншы және жоғары сынып оқушылары үшін 60 мың теңге. Орташа баға — 35-60 мың теңге.
Қонаевта бастауыш сынып оқушылары мемлекеттік тапсырыс аясында білім алады. Ал 5-11 сынып оқушылары үшін ай сайынғы төлем 30 мың теңгеден басталады. Тілді терең меңгеру және түрлі үйірмелерге қатысу үшін қосымша ақы төлеу керек. АлТалдықорғанда бастауыш сыныпта (1-4 сынып) оқу — 85 мың теңге. Бала күні бойы мектепте жүреді және сонда тамақтанады. Ал жоғары сынып оқушыларына 98 мың теңге төлейді. Оған тамақтану да, ҰБТ-ға дайындау да кірмейді.
Түркістанда жеке мектепте оқу құны айына 50-150 мың теңге аралығында.
Шымкентте жеке мектеп көп, таңдау мол. Оқу ақысы 35 мың теңгеден (мемлекеттік бағдарламамен оқытады, тамақтану мен үйірмеге қосымша ақы төлейді) басталады. Сонымен бірге 70-170 мың теңге төлеп тілді терең меңгеруге, ғылыммен айналысуға, тамақтануға мүмкіндік бар. Халықаралық мектептердің оқу ақысы айына — 245–260 мың теңге.
Сонымен бірге Астанада да таңдау мол. Мұнда ай сайынғы оқу ақысы 97 500 теңгеден басталып, 1,4-1,5 млн теңгеге (халықаралық деңгейдегі мектеп) дейін жетеді. Елордадағы қолжетімді жеке мектепте оқу ақысы 150-200 мың теңге, орташасы 300-400 мың теңге, ал премиум нұсқасы 800 мцң теңгеден басталады.
Алматыда жеке мектептердің оқу ақысы — 125 мың теңгеден басталып, 1,4 млн теңгеге дейін жетті. Тарқатып қарасақ, қалтаға қонымдысында оқу ақысы айына 350 мың теңге болса, орташасы 350-600 мың теңге, ал премиум нұсқасы 800 мың теңгеден басталады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сүйенсек, жеке мектептерде оқу (оған мемлекеттік тапсырысқа қатысатын халықаралық мектептер де кіреді) солтүстік өңірлерде орта есеппен 1,2 млн теңге, оңтүстік өңірлерде 491 мың теңге. Шығыста орта есеппен 903 мың теңге болса, еліміздің батысында жылына 1 млн теңге жұмсайды. Ал еліміздің орталығындағы баға 960 мың теңге.

Мегаполистерде, мәселен Шымкентте жыл сайынғы төлем орта есеппен 871 мың теңге. Алматы мен Астанада — 1,9 және 2,3 млн теңге. Министрліктің хабарлауынша, бағаның жоғары екеніне қарамастан жыл өткен сайын мегаполистерде жеке мектептерге деген сұраныс артып келеді.
Айтып өтейік, өткен оқу жылында мемлекеттік тапсырыс аясында жеке мектептерге 185 млрд теңге бөлінді.
Kazinform бұған дейін оқу курстарының құнын жазды.