Қазақстан қалдықтарды басқару бағытында 99-орында тұр — Еділ Жаңбыршин
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында экологиялық мәселелер жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда таныстырып, еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін заңнаманы жетілдіру қажеттігін мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, экология мәселесі бүгінде тек мамандандырылған сала емес, азаматтардың өмір сапасына, халық денсаулығына, инвестициялық тартымдылық пен ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін стратегиялық бағытқа айналған.
— Қазақстанда шешімін толық таппаған күрделі экологиялық проблемалар бар. Уәкілетті органның мәліметіне сәйкес, елімізде жыл сайын атмосфераға шамамен 4 миллион тонна ластаушы зат шығарылады. Қатты тұрмыстық қалдықтардың жылдық көлемі 5 миллион тоннаны құрайды. Экологиялық тұрғыдан проблемалы нысандар саны — 1580. Ал 2700-ден астам полигонның тек 20 пайызы ғана санитарлық талаптарға сәйкес келеді, — деді Еділ Жаңбыршин.
Сондай-ақ ол EPI-2024 Экологиялық тиімділік индексі бойынша Қазақстан қалдықтарды басқару бағытында 180 елдің ішінде 99-орында тұрғанын атап өтті.
Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдына 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, экологиялық тұрақты дамуды қамтамасыз ету, орман алқаптарын ұлғайту және елді мекендерді көгалдандыру міндеттерін қойғанын еске салды.
— Бұл — жай ғана экологиялық ұран емес. Бұл — Қазақстанның жаңа экономикалық даму моделінің негізі. Алайда мұндай міндеттерді іске асыру үшін заманауи, нақты әрі тиімді жұмыс істейтін заңнамалық база қажет, — деді депутат.
Осыған байланысты заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген. Құжат экологиялық заңнаманы жетілдіруге, реттеудегі жүйелі олқылықтарды жоюға, цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ экологиялық бақылау мен қалдықтарды басқарудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.
Бұған дейін Қазақстан ҰОК Eco Athlete жобасы аясында үшінші экологиялық акциясын өткізетінін жазғанбыз.