«Қазақстан қазынасы» көрмесі осы күзде Лондондағы өнердің жаңа маусымын ашады
АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылғы қыркүйектің 1-і мен 8-і аралығында Лондон орталығында орналасқан Christie's бәсеке сауда үйінің көрме залдарында Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайы мен жеке жинақтаушылардың топтамаларынан ХХ ғасырдағы қазақ және орыс өнерінің көрмесі өткізіледі.
Қазақ және орыс өнерінің туындылары қазақ ұлттық қолөнер туындыларының қалыптасу және даму тарихына бойлауға мүмкіндік береді. Қастеев атындағы мұражайдың елу туындысы мен қазақстандық меценат Нұрлан Смағұловтың жеке топтамасындағы 25 жинақ қазақтың алпысыншы жылдардағы және қазіргі заманғы өнерінен мағлұмат береді.
Бұл шара Батыс Еуропада ерекше оқиға болмақ, өйткені әлем бойынша қайталанбайтын өнер туындылары қойылған аса үлкен мұражай топтамасын көрермендер қызыға тамашалайтын болады.