Қазақстан келесі жылы электр энергетикасына қаржы салуға ең ыңғайлы рыноктың бірі болады - Ә.Исекешов

ТАНА. 5 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан келесі жылы электр энергетикасына қаржы салуға ең ыңғайлы рыноктың бірі болады.

Қазақстан келесі жылы электр энергетикасына қаржы салуға ең ыңғайлы рыноктың бірі болады - Ә.Исекешов

Астанада өтіп жатқан VI KAZENERGI Еуразиялық форумында Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов осылай мәлім етті.

Оның айтуынша, елдегі энергетикалық жобаларды жүзеге асыру үшін инвестиция тарту маңызды мәселелердің бірі. «Біз сонымен қатар жаңа технологияларды енгізуді де болашағынан зор үміт күттіретін салалардың бірі деп білеміз. Біз «ақылды қала», «ақылды жүйе» деген сияқты өзге де перспективалы мәселелерден хабардармыз. Осы ретте біз шетелдік сарапшы-мамандардың да пікірлерін тыңдауға дайынбыз. Сондай-ақ қазір Қазақстанда энергетика саласына инвестиция тартумен қатар қалпына келетін энергия көздерін дамыту ісіне де көп көңіл бөлініп отырғандығын айта кету керек»,-деді Әсет Исекешов.

Оның деректерінше, Қазақстандағы энергияның 75 пайызы көмірдің көмегімен, 12 пайыздан астамы газды-мазуттан, 9 пайызы су электр стансалары арқылы өндіріледі. «Соған қарамастан біз электр энергиясын өндіру ісінде экологиялық жағынан таза технологиялардың үлесі артып отыру қажеттігін жақсы түсінеміз. Осыған орай біз қолға алып отырған шаралар негізінде қалпына келетін энергия көздері 2014 жылға қарай 1 миллиард киловат сағатты құрауы қажет. Бұл энергия тұтыну көлемінің 1 пайыздан астамы. Ал 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 пайызға жетеді»,-деді Үкімет басшысының орынбасары.