Қазақстан киберқылмысқа қарсы жаһандық келісімге қосыла ма

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының киберқылмысқа қарсы күреске бағытталған конвенциясын ратификацияламақ. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған құжат жобасында айтылған. 

Казахстанский флаг, Казахстан, Қазақстан туы, Қазақстан
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Аталған халықаралық келісім — ақпараттық-коммуникациялық жүйелер арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы күресте және елеулі қылмыстарға қатысты электрондық нысандағы дәлелдемелермен алмасуда мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыруды көздейді.

— Конвенцияны ратификациялау — киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға, электронды дәлелдермен алмасуға, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай ұлттық заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік береді, — делінген құжатта.

Құжатта көрсетілгендей, халықаралық әріптестік азаматтардың құқықтары мен мүдделерін заманауи қылмыстардан қорғау шараларын күшейтіп, мұндай құқықбұзушылықтардың азаюына ықпал етеді.

Айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрлігі 2025 жылғы 25 қазанда Вьетнамның Ханой қаласында БҰҰ-ның осы конвенциясына қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар