Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су-энергетикалық ынтымақтастық мәселесін талқылады

АСТАНА.KAZINFORM — Бішкекте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның энергетикалық және су шаруашылығы ведомстволары өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі. 

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су-энергетикалық ынтымақтастық мәселесін талқылады
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігінің мәліметінше, отырыс барысында тараптар 2026-2027 жылдардағы вегетациялық және күзгі-қысқы кезеңдерде өңірдің су-энергетикалық жүйелерінің тұрақты және келісілген жұмысын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Делегациялар келісілген кестелерді сақтау, өңір елдері арасында электр энергиясын өзара жеткізу, сондай-ақ алдағы жылыту маусымының сәтті өтуі үшін бірлескен күш-жігерді үйлестіру туралы келісті.

Кездесуге қатысушылар өңірлік энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бірлескен іс-қимылдардың маңыздылығын атап өтіп, өзара тиімді және сындарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірлескен іс-қимыл туралы тиісті Хаттамаға қол қойды.

Бұған дейін Қытай Қырғызстанның «жасыл» энергетикасына 1 миллиард долларға дейін инвестиция салуға дайын екендігі хабарланған болатын.