Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының дамуы туралы монографияның тұсауы кесілді
АСТАНА. KAZINFORM — Бейжіңде «Әділетті Қазақстан және қытай арманы: заманауи даму стратегиясының мүмкіндіктерін талдау» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

— Ұжымдық монография сарапшылардың Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық туралы объективті көзқарасын көрсетеді. Монографияның авторлық тобында екіжақты қарым-қатынастарды зерттеуге маманданған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының жетекші сарапшылары бар, — деп атап өтті ҚР Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Серік Сейдуманов.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты басып шығарған кітапқа Қазақстан мен Қытайдан келген 30-ға жуық белгілі сарапшылар мен ғалымдардың мақалалары енген.
Монографияның тұсаукесеріне Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев, Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Бинь, Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшілері, Қытайдың жетекші ғылыми орталықтарының басшылары қатысты.
Айта кетейік, 2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мен Қытай екіжақты қарым-қатынастарды мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізді.
2023 жылдың соңында Қазақстан мен Қытай елдері арасында визасыз режим енгізілді.
2024 жыл Қытайда Қазақстанның туризм жылы болып жарияланды.
Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасының (GCU) мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың 11 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 40 млрд доллардан (+8,7%) асты.