Қазақстан кубогы: «Ордабасы» мен «Астана» ширек финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футболдан Қазақстан кубогының ширек финалына шыққан командалар қатарын «Ордабасы» мен «Астана» толықтырды. 

футбол
Фото: ҚФФ

Жарыстың 1/8 финалдық кезеңінде шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда алматылық «Хан Тәңірі» командасымен кездесті. Алматылық клуб биыл бірінші лигада ойнайды. Ал шымкенттік команда Премьер-лигада соңғы орынның бірін місе тұтып келеді. Сондықтан «Ордабасы» бүгінгі ойынға негізінен негізгі құрамды шығарды. 

Кездесу барысында «Хан Тәңірі» футболшылары лайықты ойын көрсете білді. Десе де өздерінің қақпасына екі гол жіберіп алды. Ойынның 25-минутында шымкенттік клубтан Эвертон есеп ашса, 47-минутта Шериф Жимо есепті үстемелей түсті. Осылайша қарсыласын 2:0 есебімен қапы қалдырған «Ордабасы» ширек финалға жолдама алды.

Тағы бір кездесуде көкшетаулық «Оқжетпес» өз алаңында елордалық «Астана» командасын қабылдады. Ойынның негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталды. Пенальти сериясында «Астана» 9:8 есебімен қарсыласынан басым түсті. Елордалық клуб келесі кезеңге шықты.

Дәл қазір «Жеңіс» (Астана) пен «Ақтөбе» кездесуінің бірініші кезеңі аяқталды. Әзірге есеп — 1:0.
Ал 19:00-де «Тобыл» (Қостанай) мен «Жетісу» (Талдықорған) ойнайды.

Бұған дейін Дастан Сәтпаевтың «Қайратты» жеңіске жетелегенін жазған едік. 

Енді ширек финалда «Ордабасы» мен «Астана» кездеседі. Сондай-ақ тағы екі жұпта «Қайрат» (Алматы) пен «Тұран» (Түркістан), «Елімай» (Семей) мен «Қызылжар» (Астана) шеберлік байқасады.  

Соңғы жаңалықтар