Қазақстан кубогы ширек финалына шыққан барлық команда анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан кубогының ширек финалына шыққан соңғы екі команда анықталды.

Жарыстың 1/8 финалындағы соңғы екі ойынның бірінде «Жеңіс» (Астана) пен «Ақтөбе» шеберлік байқасты. Жанкүйерлер бұл кездесуде ақтөбелік клуб жарысты жалғастыруы мүмкін деген болжам жаасған еді. Соған қарамастан елордалық команда жинақы қимыл көрсетіп, жеңіске жету жолын іздеді.
Командалар ойын барысында алма-кезек шабуылға көбірек көңіл бөлді. Екінші кезеңде елордалық клубтан Матия Ром 76-минутта соққан голы жеңіс алып келді.
Осылайша «Жеңіс» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Тағы бір ойында «Тобыл» (Қостанай) мен «Жетісу» (Талдықорған) жасыл алаңға шықты.
Командалар тоқсан минут бойы бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Кездесу қосымша кезеңге ұласты. Ойынның 116-минутында Жаслан Жұмащев соққан «Тобылды» жеңіске жетеледі.
Қарысласын 1:0 есебімен жеңген қостанайлық клуб ширек финалға шықты.
Енді ширек финалда «Қызылжар» (Петропавл) мен «Елімай» (Семей), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қайрат» (Алматы), «Тұран» (Түркістан) мен «Тобыл» (Қостанай), «Жеңіс» (Астана) пен «Астана» шеберлік байқасады.