Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан құрамасы Халықаралық биология олимпиадасында төрт медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM - Литваның Вильнюс қаласында 37-ші Халықаралық биология олимпиадасы (International Biology Olympiad, IBO-2026) өз мәресіне жетті. 12-19 шілде аралығында өткен әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың біріне 84 елден 330-дан астам дарынды жас биолог қатысты.

ц
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Олимпиада барысында қатысушылар күрделі теориялық тапсырмалармен қатар, терең білім мен зерттеушілік дағдыларды талап ететін зертханалық тәжірибелерді де сәтті орындады.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы үш күміс және бір қола медаль жеңіп алып, 1996 жылы қол жеткізілген ұлттық құраманың Халықаралық биология олимпиадасындағы үздік нәтижесін қайталады.

у
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

 

Қазақстан құрамасының жүлдегерлері:

Қайыркен Ерсұлтан - Павлодар облысындағы «Білім-инновация» дарынды ер балаларға арналған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;

Әшірханов Әлихан - Алматы қаласындағы «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;

Желтова Софья - Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы;

Меженина Евгения - Қарағанды қаласындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.

Құрама команданың жетекшілері мен жаттықтырушылары:

Лейла Асқарова - MD, Nazarbayev University;
Ілияс Сәкімов - «Білім-инновация» ХҚҚ әдіскері;
Кәмилә Садықова - Nazarbayev University зертханасының үйлестірушісі;
Дінмұхаммед Оразбаев - Астана медицина университетінің студенті.

ц
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, Халықаралық биология олимпиадасы 1990 жылдан бері өткізіліп келеді.

Қазақстан бұл олимпиадаға 1994 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. 2025 жылы ұлттық құрама төрт қола медаль жеңіп алса, 2026 жылы 1996 жылғы үздік нәтижені қайталап, қазақстандық оқушылардың әлемдік деңгейдегі жоғары даярлығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Айта кетейік, Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен 58-ші Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO 2026) Қазақстан құрамасы 100 пайыздық нәтиже көрсетті.