Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруда

АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруда. Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінен мәлім етті.

Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруда

Үкіметтік резервтен Қырғызстанға қаржы бөлу және елге гуманитарлық көмек көрсету туралы ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, үстіміздегі жылғы тамыздың 23-і күні Орал қаласынан 29 вагон кесінді тақтайлар (602 текше метр) және бес күннен кейін осындай жүктің тағы 4 вагоны (763 текше метр) жіберілген болатын.

Алдағы күндері Ош қаласында жауапты тұлға - ҚР ТЖМ-ның «Резерв» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жетекші маманы И.Кәкімбеков, Қазақстан атынан материалдық заттарды Қырғызстан Республикасының жауапты өкілі Я.Фишерге тапсырады деп жоспарланып отыр», - делінген таратылған ақпаратта.

Бұдан бөлек, жуықта Қарағандыдан күріш пен қарақұмық, сондай-ақ Қостанай мен Оралдан - кесінді тақтайлар, Алматыдан - шифер және Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт стансысынан - арматура жөнелтіледі.

Ал үстіміздегі жылғы қыркүйек айынан желтоқсанға дейін Қырғызстан Республикасына көмір үзбей жеткізіліп тұратын болады.