Қазақстан Қырғызстанның КО мен БЭК-ке қосылуға ұмтылысын жан-жақты қолдайды - Н.Назарбаев

Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге тұңғыш ресми сапармен келген Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Біз Қырғызстанның Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылуы мәселесін қарастырдық. Қазақстан Қырғыстанның бұл ұмытылысына жан-жақты қолдау көрсетеді», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы қазақстандық сарапшылардың Қырғызстанға құжаттарды дайындауға қол ұшын беретіндігін баса айтты.
«Өйткені Қырғызстанға шамамен 60-қа жуық келісімді қабылдап, оны Парламентте ратификациялауға тура келеді. Ал ол үшін уақыт керек», - деді ҚР Президенті.
Сонымен қатар Н.Назарбаев Қырғызстанға экономикасын көтеріп, макроэкономикалық көрсеткіштері Кеден одағына мүше елдердің деңгейіне жеткізуі керектігін атап өтіп, бұл ретте, Қазақстан өз көмегін беруге дайын екендігін баса айтты.