Қазақстан лаңкестікпен күрес аясындағы сот төрелігі саласында еуропалық конвенцияларға қосылуа ниетті - Иоган Меркель

Бұл туралы бүгін Астанадағы «Қазақстан - Еуропа: ынтымақтастықтың нәтижелері және жаңа көкжиектері» халықаралық конференциясы барысында журналистер сауалына жауап беру кезінде ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель айтты.
Оның пайымдауынша, Еуропа елдері Қазақстанның аталған конвенцияларға қосылуына келісім беруі тиіс. Алайда, бұл шаралар өте ұзақ үрдістер санатына жатады. «Бұл құжаттарсыз лаңкестікпен күресу қиынға түседі. Себебі, біздің қылмыскерлер еш қиындықсыз Еуропа елдеріне кетіп қала алады. Ал келісім базасы болмаса, біз оларға жазасын өтету үшін Қазақстанға қайтара алмаймыз»,-деп түсіндірді И. Меркель.
Оның сөзіне қарағанда, аталған елдермен арада өзара қайшылықтар жоқ. «Атап айтқанда, біз алғаш рет, яғни 2003 жылы өтініш жасағанда (конвенция бойынша) бізге рұқсат берілген жоқ. Тәжірибеге сүйенсек, онда қарсылық көрсеткен мемлекеттің атауы аталмайды. Олар тек қана Еуропалық одақ бұл мәселені әзірге қарастырып отыр дегенді айтады»,-деді И. Меркель.
Аталған халықаралық конференция барысында ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бүгінде Еуропалық одақ елдерімен әділет, ішкі істер және адам құқықтары саласында белсенді диалог жүріп жатқандығын жеткізді. Министрдің айтуынша, 29-30 қарашада Брюссельде сот төрелігі және құқықтық тәртіп, сондай-ақ адам құқықтары диалогы бойынша кіші комитеттің кезекті отырысы өтеді.