Қазақстан Лувр оқиғасынан сабақ алды ма — министрлік музейлер күзеті туралы
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қазақстандық музейлердегі қауіпсіздік шаралары туралы айтып берді.
Мәжіліс кулуарында тілшілер биыл қазан айында Лувр музейінде болған тонау оқиғасын еске салып, Қазақстандағы музейлердің қалай қорғалатынын сұрады.
— Өткен аптада Күзет қызметін бақылау департаменті тексеру жүргізіп, музейлердің жай-күйін бағалаған еді. Бұл жұмыс біздің тұрақты бақылауымызда. Бізде полиция күзетінде тұрған ұлттық және мемлекеттік музейлердің нақты тізбесі бар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың бақылауында бірқатар музей бар. Тексеруді келесі аптаның соңына дейін аяқтап, Үкімет арқылы тиісті ұсыныс енгіземіз. Қорғауды күшейту қажет екенін көріп отырмыз және музей мүлкіне қатысты заңсыз әрекеттерге жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдарға ұсынымдар береміз, — деді Санжар Әділов.
Еске сала кетсек, Лувр музейіндегі тонау 19 қазан күні таңертең болған. Қылмыскерлер жеті минут ішінде жалпы құны 88 миллион еуроға бағаланатын зергерлік бұйымдар мен асыл тастарды алып кеткен.
Бір аптадан кейін бірнеше күдікті ұсталды. Тонаудан кейін музей залдарының шамамен үштен бірінде бейнебақылау камералары болмағаны, ал қолданыстағы дабыл жүйесінің іске қосылмағаны белгілі болды.