Қазақстан мектептерінде педагог тапшылығы жойылды — министрлік

АСТАНА. KAZINFORM — 2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарында педагогтер саны 412 мыңға жетті, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан мектептерінде педагог тапшылығы жойылды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көбейгенін көрсетеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы — ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы осылай деп мәлімдеді. 

Педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіш Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында тіркелді. Сонымен қатар, жас мамандар легі де артып келеді — кадр қажеттілігі педагогикалық жоғары оқу орындарын жаңадан бітірген түлектер есебінен де қамтамасыз етіліп жатыр.

— Педагогтер санының артуы еліміздің орта білім беру жүйесіндегі кадр тапшылығын жоюға мүмкіндік берді. Бүгінде еліміздегі мұғалімдердің 73%-ы жоғары біліктілік санатына ие — бұл кәсібилік пен білім сапасының маңызды көрсеткіші, — деді Мереке Амангелдіқызы.

Сондай-ақ ол педагогтерге қолдау көрсету — мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін еске салды. Президенттің бастамасымен биыл алғаш рет бірден екі мұғалімге «Еңбек Ері» атағы берілді. Тағы 36 мұғалім мемлекеттік наградалармен марапатталып, 64-і «Үздік педагог» деп танылды. Олардың барлығы мемлекеттен 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде — 3,5 миллион теңгеден астам сыйақы алды.

Бұған дейін педагогтер қызметінің тиімділік рейтингі енгізілетіні хабарланды.

Соңғы жаңалықтар