Қазақстан мен АҚШ елшіліктері және «Global Green USA» ұйымы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні құрметіне кездесу өткізді
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат - Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі американдық үкіметтік емес «Global Green USA» ұйымымен бірлесіп Вашингтонда Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған шара өткізді.
Қазақстан Елшілігінен хабарлағандай, алғаш рет өткізілген бұл шараға американдық қоғамдық-саяси топтардың көп өкілдері жиналды. Қонақтар бұрынғы Семей ядролық полигоны туралы фотокөрмемен танысты. Оларға сондай-ақ, ядролық қарусыздану және ядролық сынақтарды тоқтату ісіне Қазақстанның қосқан үлесі туралы бейнефильм көрсетілді.
Қазақстан Елшісі Ерлан Ыдырысов пен «Global Green USA» ұйымының директоры Пол жиналған қауымның алдында сөз сөйлеп, ядролық сынақтарға қарсы бағытталған халықаралық бастамалар туралы әңгімелеп берді. Олар сондай-ақ, ядролық қаруды таратпау саласындағы Қазақстанның көшбасшылық ролін және ядролық қарусыз әлем құруға деген еліміздің талпынысын атап көрсетті.
1994 жылы қоғам қайраткері, филантром Диан Мейер Саймон негізін қалаған «Global Green USA» ұйымы адамзатты қоршаған ортамен байланыстыру арқылы жаһандық күш-жігерді орнықты және қауіпсіз болашақ құруға ынталандыру мақсатында кезінде Михаил Горбачев құрған Халықаралық Жасыл Крестің американдық бөлімі болып табылады.