Қазақстан мен Армения ауыл шаруашылығы өнімдерін сату саласында ынтымақтастық құруға келісті - министрлік

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-армян үкіметаралық комиссияның кезекті төртінші отырысы өтті.

Қазақстан мен Армения ауыл шаруашылығы өнімдерін сату саласында ынтымақтастық құруға келісті - министрлік

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім етті.

Комиссияның қазақстандық тарабына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман жетекшілік етсе, армян бөлігін - Армения Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Гриша Багиян басқарды.

Отырыс барысында сауда-экономикалық қатынастардың жағдайы мен перспективалары, сондай-ақ кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, көлік, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және ғылым саласындағы және Қазақстан мен Армения арасындағы келісім-құқықтық базаны дамыту жөніндегі бағыттары талқыланды.

Кәсіпкерлік салада тараптар кәсіпкерлік іс-әрекетті мемлекеттік реттеу мен шағын және орта бизнесті қолдау саласында тәжірибемен алмасуға қызығушылық білдірді.

Көлік саласында тараптар елдер арасында жүктерді тасымалдаудың қолайлы бағыттарын зерттеуге келісті, екі елдің көліктік инфрақұрылым саласында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға қатысу мәселесіне екіжақты қызығушылық танытты.

Жолаушылар ағымын көбейту мақсатында тараптар тікелей Астана-Ереван әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауды келісті.

Ауыл шаруашылығы саласында тараптар өзара тиімді шартында ауыл шаруашылығы өнімдерін сату саласында ынтымақтастық құруға және тұрақты түрде агроөнеркәсіп кешені салаларында тәжірибемен алмасуға келісті.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет және туризм салаларында уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-армян үкіметаралық комиссияның төртінші отырысының хаттамасына қол қойылды.

Кездесу барысында тараптар кезекті Үкіметаралық комиссияның отырысын 2013 жылы Ереван қаласында өткізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізді.