Қазақстан мен Армения заңсыз көші-қонмен бірлесе күреседі - заң

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

Көші-қон заңнамасын бұзудың 7 мыңнан астам дерегіне тосқауыл қойылды 
Фото: Polisia.kz

Келісімге 2024 жылғы сәуірде Мемлекет басшысының Арменияға ресми сапары барысында қол қойылды.

- Құжатта тараптар мемлекеттерінің келетін азаматтары, олардың құқықтық мәртебесі, азаматтыққа қабылданған адамдар, әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылатындар туралы статистикамен әрі мәліметтермен алмасу, сондай-ақ заңсыз көші-қон әрекеттеріне қарсы күрес әдістері және көші-қон заңнамасының ерекшеліктері туралы ақпаратпен алмасу ескерілген. Бұл мәліметтер елдерге қос азаматтыққа қарсы күрес пен заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет, - деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Аталған құжат аясында құзыретті органдар ретінде Қазақстан жағынан Ішкі істер және Еңбек министрліктері, ал Армения тарапынан Ішкі істер министрлігі белгіленді.

- Осыған ұқсас келісім 6 елмен жасалды. Армения осы келісімді биылғы сәуірде ратификациялады, - деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды қабылдады.

Соңғы жаңалықтар