Қазақстан мен Австрия Үкіметтері автомобильмен халықаралық жүк тасымалдау келісіміне қол қойды
Құжаттың қағидалары Қазақстан мен Австрия арасындағы жүк тасымалы, екі ел аумағы арқылы транзитпен өткізу және рұқсатнама негізінде үшінші елдерге/елдерден өту процестерін реттеуге бағытталған.
Екі ел арасындағы автомобильмен жүк тасымалын одан әрі дамыту үшін ұсыныстарды әзірлеу және өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Келісімде құрамына екі елдің құзырлы органдары өкілдері кіретін Бірлескен Комиссия құру қаралған.
Жүк тасымалдауға рұқсат саны, тасымал түрлері және жүк автокөлік құралдарын пайдалану үшін қойылатын арнайы талаптар Комиссия отырысы барысында немесе хат жазысу арқылы келісілетін болады.
Келісімге қол қою Қазақстан мен Австрия арасындағы автомобильмен жүк тасымалдауды іске асырудың, сондай-ақ қазақстандық-австриялық сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға құқықтық негіз қалайды.
Бұл жерде 2011 жылдың қорытындысы бойынша Австрия Қазақстанның Қытай, Италия, Нидерланды, Франция, Швейцария және Украина елдерінен кейінгі 7 орындағы жетекші сауда серіктестерінің қатарына енетіндігін айтып өткен жөн. Ал, Австрия елі үшін Қазақстан өз кезегінде ТМД елдері арасындағы сауда серіктестерінің арасында үшінші орынды иеленеді.
Егер 2009 жылы Қазақстан мен Австрия елдері арасындағы жүк тасымалы айналымы 3 мың тоннаны құраған болса, 2010 жылы - 4,7 мың тонна болып, 2011 жылы 8 мың тоннаға жетті.