Қазақстан мен Әзербайжан арасында бірқатар келісім бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 2025 жылдың 21 қазанында Астанада Қазақстан мен Әзербайжан арасында қол қойылған бірқатар екіжақты құжаттарды бекіту туралы жарлықтарға қол қойды, деп хабарлайды ӘР президентінің сайты.
Атап айтқанда, Қазақстан мен Әзербайжан Ішкі істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілді. Құжат күшіне енгеннен кейін Әзербайжан Ішкі істер министрлігі оның ережелерінің орындалуын қамтамасыз етеді, ал Сыртқы істер министрлігі қазақстандық тарапқа барлық қажетті ішкі рәсімдердің аяқталғаны туралы хабарлама жолдайды.
Сондай-ақ, Қазақстанның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Әзербайжанның Мемлекеттік статистика комитеті арасында статистика саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум бекітілді. Құжаттың ережелерін іске асыру Әзербайжанның Мемлекеттік статистика комитетіне жүктелді.
Бұдан басқа, Ильхам Әлиев Қазақстан мен Әзербайжан үкіметтері арасындағы өнеркәсіптік меншікті қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді мақұлдады. Құжатты іске асыру Әзербайжанның Зияткерлік меншік агенттігіне тапсырылды.
Екі ел үкіметтері арасында энергетика саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімді бөлек жарлықпен бекітілді. Құжат күшіне енгеннен кейін Әзербайжан Республикасының Энергетика министрлігі келісімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігіне бекітілген құжаттардың күшіне енуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан үкіметіне тиісті хабарламалар жіберу тапсырылды.
Жарлықтарға Әзербайжан Конституциясының 109-бабына сәйкес қол қойылды.
Бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастық туралы 15 құжатқа қол қойғанын жазған болатынбыз.