Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты жандандыруға айрықша көңіл бөлінуде - сарапшы
«Геоэкономикалық ахуал әлемнің көптеген елінің экономикасына айтарлықтай ықпал етеді. Осыған байланысты сыртқы экономикалық және сауда қатынастарын әртараптандыру бойынша белсенді қадамдар жасалып жатыр. Қазақстанның шынайы одақтасы әрі түркі әлемінің негізгі ойыншыларының бірі Әзербайжанмен сауда-экономикалық байланыстарды дамыту стратегиялық маңызға ие. Біздің елдеріміздің ұқсас мүдделері бар – экономиканың шикізаттық емес секторын дамыту және көлік-коммуникациялық әлеуетті кеңейту. Бұл ынтымақтастық үшін жақсы мүмкіндіктер туғызады», - деді Айдар Құрмашев агенттік тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан Президентінің Бакуге сапары екі елдің өзара іс-қимылын жеделдетуде тарихи маңызға ие болады.
«Бүгінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жеткізу логистикасы мен тауарлар транзиті тиімділігінің жеткіліксіз екендігі байқалады. Сондықтан сауда-экономикалық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты жандандыруға ерекше назар аудару кеме жасау, мұнай өндіруге арналған жабдықтар өндірісі және энергия ресурстарын тасымалдау бойынша табысты өзара іс-қимыл жасауға серпін бере алады. Меніңше, тағы бір маңызды мәселе – ақпарат алмасудағы кемшіліктер. Елдеріміз жария дипломатияның барлық тетіктерін іске қосып, мәдени-гуманитарлық салада тұрақты бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруы қажет. Бұл өз кезегінде B2B ғана емес, елдеріміздің азаматтары арасындағы коммуникацияны кеңейтуге мүмкіндік береді», - деді Айдар Құрмашев.